АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі Алматының орталық қалалық клиникасында АИТВ (ВИЧ) жұқтыру фактісі бойынша эпидемиологиялық тексеріс бастады, деп хабарлайды ведомство.
"Осы факті бойынша ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттері тексеріс бастады. Комиссияның құрамына министрліктің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мамандары тартылды", - делінген денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.
Қосымша ақпарат комиссия жұмысының қорытындысы бойынша беріледі.
Бұған дейін ЖИТС орталығының мамандары Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында ем қабылдаған адамдардың арасында АИТВ-оң мәртебесі бар үш жағдайды анықтағаны хабарланған болатын.
Осыған қатысты шұғыл комиссия құрылды. Комиссия АИТВ-инфекциясының берілу көздерін анықтау бойынша ішкі тергеу жүргізіп, донорлар, медицина қызметкерлері және байланысқан адамдар тексерілді. Зерттелгендердің барлығында теріс нәтиже шықты.