Күні кеше әскери тілшілерімен кездесуде Ресей президенті Владимир Путин өзінің қарсы шабуылы кезінде Украина Қарулы күштері кемінде 160 танктен айырылғанын айтты, деп жазды РИА Новости.
Путиннің БАҚ өкілдерімен кездесуінен бірнеше сағат бұрын Германияның қорғаныс министрі Писториус бундесвер Украинаға Ресей Қарулы күштері атып түсірген, жойған немесе басып алған танктердің орнын толтыра алмайтынын айтты. Бұл мәлімдеме Киев режимі өкілдерінің жеткізілетін Leopard танктерін үш есеге арттыру туралы талаптарына жауап болды.
Бұл мәлімдеменің астарынан "Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық" деген аңғарылады. Немістерді түсінуге болады: олар Украина даласында өртеніп жатқан "Леопардтар" бундесвер әскери-қорғаныс өнеркәсібінің ең нашар жарнамасы болатынын жақсы түсініп, өз танктерін Украинаға жібергісі келмеді және ақырына дейін қарсылық көрсетті. Немістерді танктерді жөнелтуге көндірген америкалықтар Украинаға "Абрамс" танктерінің армиясын жіберуге уәде етті. Бірақ бұл уәде әлі күнге дейін орындалған жоқ.
Украина Қарулы күштеріне "Леопардтарды" жеткізу туралы жарияланғаннан кейін батыстық БАҚ-та неміс танктерін Ресей әскерін жаппай қиратып, Украинаға жеңіс әкелетін ең күшті техника ретінде сипаттайтын мақалалар жиі жарық көрді. Сондықтан НАТО таблоидтарында "Ресей жауынгерлері немістердің Leopard 2 танктерінен неге қорқады?" немесе "Германияның Украинаға танктерді жіберу туралы шешімі соғыстағы маңызды сәт" деген тақырыптарға толды.
"Көптеген сарапшылар батыс аудиториясына неміс танктерінің әскери іс-қимылдар барысын өзгерту әлеуеті жоғары екенін, заманауи батыс танктері ресейліктерден бір буын алда келе жатқанын және неміс танктері мобильділігі, қорғаныш деңгейі және оқ ату қуаты бойынша әлемде үздік екенін түсіндірді", - деп жазылған материалда.
Бірақ іс жүзінде "әлемдегі үздік танктер" ресейлік қару-жараққа қарсы тұра алмады және соңғы күндері істен шығарылған "Леопардтар" саны жиырмаға жуықтады. Бұл мамырдың соңындағы мәлімет бойынша Германия Украина қарулы күштеріне жеткізген 60 дана Leopard 2 танкінің үштен бір бөлігін үш күнде қиратқанын білдіреді.
Өртке оранған "Леопардтар" туралы жаңалықтар батыс медиасын шындықты мойындауға мәжбүрледі. Сондықтан неміс танктерінің күші мен мүмкіндіктері туралы мақтау мақалалары азайды. Оның орнына ақталу сипатындағы жарияланымдар жиі шыға бастады:
"Германия жеткізген Leopard 2A6 пен британиялық Challenger 2 танктері де қиратылып жатыр", "Негізгі жауынгерлік танктер қорғанысты бұзғанымен олар ғажайып қару болмай тұр", Украина алғаш рет қарсы шабуылға немістердің Leopard 2 танктерін қолданды және бұл сәтсіз аяқталды".
Германия үшін бұл ыңғайсыз жағдайдан бөлек тағы экономикалық фактор да қиын болып тұр. Себебі әрбір Leopard 2 танкі үшін неміс азаматтары кемінде 32 миллион доллар төлеп отыр. Саалыстыру үшін айтсақ, "Корнет" танкке қарсы зымыранының бір данасы 80 мың доллар тұрады.
Тіпті Украина Қарулы күштеріне НАТО техникасының заманауи үлгісі қиратылуын ақтайтын себепті бес күн мерзімінде табу туралы нұсқау берілген. Мұндай себеп табылатынына ешқандай күмән жоқ, деп жазды РИА Новости.
Бірақ НАТО-ның бүкіл техникасы "Леопардтармен" бірге украин даласында қиратылып жатқанын ескерсек, мұны істеу оңай болмайды. Себебі Ресей әскері Батыстың бірнеше ондаған түрлі техникасын бірнеше күн ішінде жойды. Олардың қатарында Финляндиядан жеткізілген "Леопард" миналадан тазалайтын жауынгерлік машинасы, француздардың AMX-10RC танкі, поляктардың Crab өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы, америкалық MaxxPro броньдалған тасымалдағышы және Bradley жаяу әскерге арналған жауынгерлік машинасы бар.
Батыстық дереккөздердің ақпаратына сәйкес, Украина Қарулы күштерінің қарсы шабуылының үш күнінде 16 дана Bradley машинасы жойылды. Бұл Украинаға жеткізілген барлық техниканың 15 процентін құрайды. Жалпы, әртүрлі дереккөзге сәйкес, 2022 жылдың ақпан айынан бастап Украина Қарулы күштері төрт мыңға жуық әскери техникадан айырылды.
Ақпанда Германияның экономика министрлігі Украинаға 178-ге жуық қосымша Leopard 1A5 танктерін экспорттауды мақұлдады. Бірақ қазіргі ахуалдан кейін "Леопард" жеткізілімдерінің кешіктірілуі немесе кейінге қалдырылуының ықтималдылығы жоғары.