АЛМАТЫ, 13 маусым -Sputnik. Алматыдағы атақты "Алтын орда" базарының дауы басылар емес. Базардағы сатушылардың базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
"Алтын Орда" - Алматыдағы көтерме сауда орындарының бірі. Халық бұл жерге арзан азық-түлік үшін ағылады. Жалпы бас жоспар бойынша болашақта "Алтын орда" үлкен жолаушылар торабы болады (ХАБ). Соңғы 2-3 жылда ірі базардың айналасы құрылыс алаңдарына айналды. Ондағы мақсат - жаппай жайылған жабайы сауданы сауда ғимараттарына орналастыру. Былтыр осындай нысан салынды. Бірақ сол жаңа нысаннан ши шықты.
Алматыдағы "Алтын орда" базары
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Бұл сауда орындарын арендатор, субарендаторларға беріп тастаған. Қазір жаңа нысандағы аядай бір жерді жалға алып, сауда жасаймын. Сауда жүрмейтін орындар 50 мыңнан, ал сауда жақсы жүретін орындар 100 мыңнан астам теңгеге жалға береді. Электр энергиясына ақшаны бөлек төлейміз. Бірақ еш жағдай жоқ. Іші қапырық, ыстықтан қан қысымымыз көтеріліп біттік", - дейді саудагер.
Жаңа сауда нысанындағы жағдай мүшкіл екенін басқа саудагерлер де айтып отыр.
"Аз ақша төлеп отырған жоқпыз. Нан-шайымызды ғана ақтаймыз, сауда да жоқ. Жарайды бізді ешкім міндеттеп отырған жоқ. Бірақ жалға бергеннен кейін жағдай жасау керек қой. Мына жаңа ғимараттың ішінде желдеткіш, кондиционер деген жоқ. Жүрек талмасы ұстап, қаншама адам құлады. Әжетханасының өзіне 70 теңге төлейміз", - дейді саудагерлердің бірі.
Шыдамы таусылған жаңа нысандағы саудагерлер базар маңында наразылыққа шыққан. Ал күні кеше жаңа ғимаратты айналдыра ала лентамен қоршап тастаған. Басшылық санитарлық күн жариялапты.
Жаңа ғимаратты айналдыра ала лентамен қоршап тастаған.
© Sputnik / Айдана Дайырова
Базардағы саудагердің базынасы бір бұл емес. Қатар-қатар сүріліп келе жатқан даладағы бутиктердің иелері де сатып жатқан затын көтеріп, босып жүр. Олар жаңа ғимараттан орын алуға шамалары жетпегендер. Қазірше сүрілмей аман тұрған орындарға 2-3-тен бірігіп сауда жасайды.
"Мен осы "Алтын ордада" тұрғаныма 20 жыл болыпты. Жаңа нысаннан орын алайық деп едік, 8 миллионнан 13 миллион теңгеге дейін ақшаң болса ғана сатып ала аласыз деді. Менде ондай ақша жоқ. Сөйтіп далада қалдық. Енді сол даладағы павильондар жаппай сүріліп жатыр. Заттарымызды көтеріп босып жүрміз. Қазір мына қуыста екі адам сауда жасап жатырмыз. Алақандай жерге тығылып, не сауда жоқ, әбден берекеміз кетті. 2025 жылға дейін базар түгел сүріледі, жабайы сауда болмайды деп жатыр. Ең болмаса 2 жыл осы жерден нәпақамызды табайық деп жанталасып жатырмыз. Қайта Құдай оңдап, мына қуыстан орын тауып қалдым, ал қаншама саудагердің заты іске жарамай, не сатылмай сарайларында жатыр", - дейді даладағы саудагер.
Жабық павильоннан орын ала алмағандар сыртта сауда жасайды.
© Sputnik / Айдана Дайырова
Бірнеше саудагер бір дүңгіршекке тығылғандықтан, тауарлары сыймай сыртқа шығып жатыр. Күн көзінен, жауыннан қорғайтын қалқа салайын десе, рұқсат жоқ дейді олар.
"Ақша жинайтын "контролер" деген бар. Соған "мына кішкене жерге бір тал шатыр қойып қалқалап алайық, сатып отырған заттарымыз күн тиіп өңі кетіп, жауын болса, судың астында қалады" десек, сөзімізді еш тыңдамайды. Базардың басшыларына айтсақ, "контролеріңізбен" шешіңіз дейді. Қарапайым бір қалқаның мәселесін шеше алмай отырмыз. Жалпы, қарапайым халықтың қамын ойлап отырған ешкім жоқ. Біз күнімізді осы базардан көріп отырмыз. Енді қалай болады жағдайымыз, білмейміз", - дейді есімін жасырған саудагердің бірі.
Ал "Алтын Орда" басшыларының айтуынша, жаңа нысандағы желдеткіш ақауы бір күнде қалпына келтірілді.
"10 маусымда сағат 17.00 шамасында кондиционерлеу жүйесінің автоматикасы істен шығып, қысым жоғарылап, салдарынан 2 павильондағы үш желдету құбыры істен шықты. Базар басшылығы жедел режимде желдету және ауаны баптау жүйелеріне сервистік қызмет көрсетумен айналысатын мамандарды шақырды. Сервистік компанияның мамандары жүйедегі ақаулықтың себептерін анықтады, жабдыққа істен шыққан қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізді. Жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілді, 11 маусым күні сағат 12-ге дейін жүйелердегі ақау толығымен жойылды. Бұл павильондағы қажетті температураны 18-20 градус деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді", - дейді "Алтын Орда" базарының баспасөз қызметі.
Далада сауда жасауға алақандай жер таппай жүргендерге жағдай жасалады дейді базар басшылығы.
© Sputnik / Айдана Дайырова
Базар басшылығының сөзінше, жағдайды ушықтырған аптап ыстық пен түймедейді түйедей еткен блогерлер. Сәл ғана мәселені дабыра етіп жіберді дейді.
"Өткен аптада Алматы мен облыста ауа райы сенбі 40С-қа жетті, тіпті жас және дені сау адамдар үшін де бұл жылу режимі денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. "Климаттық" төтенше жағдай болған кезде кондиционерлеу жүйесі әдейі өшірілді. Қазақстандық блогерлер ақпаратты асыра сілтеп көрсетіп, өздеріне оқырман санын көбейту үшін медиа ортада екіұшты реакция тудырды", - дейді базардың баспасөз қызметі.
Базар басшылығы ел арасында дау тудырды деп енді блогерлерді жауапкершілікке тарту мәселесін көтергелі отыр:
"Базар басшылығы "антитоп" блогерлерімізді жауапкершілікке тарту туралы мәселені көтереміз. Өйткені олар базардың имиджіне нұқсан келтірді".
Ал далада сауда жасауға алақандай жер таппай жүргендерге жағдай жасалады дейді базар басшылығы.
"Қазір жұмыс істеп тұрған екеуінде және салынып жатқан үшінші павильонда Қазақстан заңнамасына және бекітілген нарық регламентіне сәйкес сауда жасау үшін қажетті жағдай жасалады. Әрбір жаңа сауда орны ауданы бойынша үлкенірек, өзінің мамандануы және тауар-салалық белгісі бойынша бөлінеді. Бұл көтерме және бөлшек сауданың жаңа стандарты. Кезек күту және заңды түрде жалдау орындарын беру арқылы барлық мәселені шешеміз", - дейді "Алтын орда" базарының әкімшілігі.
Алматыдағы "Алтын орда" базары
© Sputnik / Айдана Дайырова