АСТАНА, 13 маусым – Sputnik. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев орман өртінің аумағы айтарлықтай қысқарғанын мәлімдеді.
Облыс әкімдігінің ақпаратынша, өрт сөндіру жұмысы тәулік бойы негізінен екі бағытта – Жерновка, Шүлбі және Каштак ауылы аумағында жүргізіліп жатыр.
"Соңғы күндері өрттің көлемі айтарлықтай қысқарғанын, өртті сөндіру жұмыстары тұрақты бақылауда екенін айта кету керек", - деді Нұрлан Ұранхаев.
Каштак ауылының ауданында жеке құрамнан 200 адам, 30 бірлік техника, 3 тікұшақ жұмылдырылды. Жерновка-Шүлбі ауданында 300 адам, 40 бірлік техника және 9 тікұшақ бар.
Төтенше жағдайлар министрлігі де облыстағы орман өртіне қатысты соңғы ақпаратты бөлісті.
"Тікұшақтар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су ағызу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өрт басталғалы бері барлығы 1450 рет көлемі 4 000 тоннадан астам су төгілді", - делінген хабарламада.
Жедел штабтың мәліметінше, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Табиғи өртті сөндіру орнында ТЖ министрінің байланыс торабы және жедел штабқа арналған жұмыс орындары ұйымдастырылды. Оларды байланыстың барлық түрімен (телефон, радио, ұялы және спутниктік байланыс) қамтамасыз ете отырып, жылжымалы басқару пункті орналастырылды.
ТЖМ авариялық-құтқару бөлімшелерін және азаматтық қорғау қызметтерінің берілген күштерін жедел басқару үшін ұялы байланыс желілері мен деректерді беру арналарының жұмысын қамтамасыз ете отырып, радиожелінің УҚТ және байланыс қызметінің телекоммуникациялық инфрақұрылымы орналастырылды.
"Қазгидромет" болжамынша, 14 маусымда күн ашық, солтүстік, солтүстік-шығыс бағыттағы желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с болады. Ауа температурасы түнде +8+13 градус, күндіз +20+25 градус.
15 маусымда ауа райы жауын-шашынсыз, солтүстік бағыттағы желдің жылдамдығы 9-14 м/с, екпіні 17-22 м/с дейін барады деп күтілуде, түнде ауа температурасы +5+10 градус, күндіз +23+28 градус ыстық болады.