Өңірлер

Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген оқушы сотталды

Sputnik
АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Ақтөбе қаласында жарылғыш зат туралы жалған ақпарат таратқан оқушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
2022 жылдың мамыр айында облыстық полиция департаментінің электрондық поштасына жоғары оқу орындарының ғимараттарына жарылғыш құрылғылардың қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Сол университеттерге шұғыл түрде арнайы қызметтер барған. Оқу орындарының персоналы мен оқушылары эвакуацияланды. Саперлар мен кинологтар барлық жерді тексеріп шықты. Бірақ жарылғыш заттар табылған жоқ.
Ал жедел іздестіру шаралары нәтижесінде көрші Батыс Қазақстан облысында оқитын 10-сынып оқушысы анықталды. Ол тура сондай электронды хатты Көкшетау қаласына да жолдап, үш сот ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген.
Сотта оқушы өз кінәсін мойындады. Ақтөбе қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ауданаралық соттың үкімімен 16 жастағы балаға 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.