АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Талдықорған қаласын таңнан бастап Абай облысынан жеткен қою қара түтін басты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Талдықорғандықтар әлеуметтік желіде қаланы қалың түтін басқаны туралы дабыл қаға бастады. Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпаратты растады.
"Абай облысындағы алапат орман өртінен желдің бағытының өзгеруі салдарынан Жетісу облысының бірнеше ауданын қою түтін басты. Осыған байланысты тыныштық сақтап, маска киюді сұраймыз. Тыныс алу органдарының аурулары бар адамдарға және қарттарға үйден шықпауға кеңес береміз", - деді Жетісу облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетері, 12 маусым еліміз бойынша – Жалпыұлттық аза тұту күні. Абай облысындағы өрттен 14 орманшы қаза тапқан еді.