АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Абай облысының әкімдігі алапат өрттен зардап шеккен адамдарға көмек жинап жатыр.
Бұдан бөлек, басқа да ұйымдар ақша және азық-түлік жинауға кірісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қайырымдылық көмек арнайы есепшотқа түседі. Барлық ақша Абай облысында алапат өрттен зардап шеккендерге таратылады", - делінген ресми хабарламада.
Гуманитарлық көмекті жинауға тек мемлекеттік органдар мен партия ұйымдары ғана емес, кәсіпорындар, жеке тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар, мәслихат депутаттары, Достық үйі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де атсалысып, жерлестеріне тұрақты түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек және тағы басқа бірінші кезекте қажет заттарды жөнелтіп жатыр.
Барлық гуманитарлық көмек арнайы көліктерге тиеліп, өртпен белсенді түрде күрес жүргізіліп жатқан аумақтарға - Бородулиха-Жерновка мен Озерки-Талицаға жөнелтіліп, жеткізілді.
Қазіргі кезде күн сайын 80-ге жуық жергілікті ерікті мен Семей, Өскемен және Астана қалаларынан 100-ден астам адам өртті сөндіруге көмек көрсетіп жатыр. Оларды өзге де жанашыр азаматтар алмастырып отырады.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы тәуліктің ішінде 1,5 тонна ауыз су, 400 келі қой еті, құс еті, 600 келі көкөніс (картоп, пияз, сәбіз), 100 литрден астам май таратылды. Шаруа қожалықтарының басшылары азық-түлік жеткізу үшін екі көлік бөлді.
Бүгінде Бұлақ ауылының 80-ге жуық тұрғыны Семей қаласына эвакуацияланды. Қаладағы екі пунктте шамамен 150 адам орналастырылды. Соның ішінде Талица, Половинки мен Бұлақ ауылының тұрғындары бар. Жалпы Семейде 9 эвакуациялық пункт жасақталды.
Еріктілердің ұлттық желісі көмек жинап жатыр
Қазақстандағы еріктілердің ұлттық желісі эвакуациялық пунктерде орналасқан адамдарға және өрт сөндіріп жүргендерге гуманитарлық көмек жинауға кірісті.
Барлық ақша Семейдегі "Лидер" еріктілер қозғалысына аударылады. Олар қажетті тауарларды сатып алады да, төтенше жағдай болған жерге жеткізіп береді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, республикалық жастар ұйымдары Абай облысына аттанды. Олар зардап шеккендерге көмек көрсетеді.
Успенск, Озерка, Талица мен Бородулиха ауылдарында 300 адамға арналған ас ұйымдастырылды.
Бірнеше қалада гуманитарлық көмек қабылдау пунктері ашылды
Абай облысындағы Amanat партиясының филиалы жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Мекенжайы: Семей, Шайжүнісов көшесі, 138. Телефондар: + 7 702 758 07 24; +7 707 295 77 39; +7 776 127 76 61.
Облысқа астанадан "Жастар рухы" ұйымының еріктілері аттанды. Олар гуманитарлық пунктің жұмысымен айналысады.
"Біз Семей қаласының тұрғындары жинап берген гуманитарлық көмекті Талица мен Қаштақ ауылдарына жеткізіп береміз. Өртке жақын аудандарда осы жердің еріктілері өрт сөндірушілерге екі күннен бері тамақ істеп жүр", - дейді ұйым өкілдері.
"Оса Семей" еріктілер бірлестігі де бизнес өкілдеріне үндеу тастап, көмек жинауға кірісті. Гуманитарлық пункт Семей қаласында Жұмабаев, 55 мекенжайы бойынша ашылды.
Бүгін Алматының еріктілері де гуманитарлық көмек жинауға кіріскенін мәлімдеді. Ол жерде киім-кешек пен азық-түлік апаруға болады. Бірінше кезекте қажетті заттар бар:
көрпе, төсек-қап;
респираторлық бетперделер;
термостар, қол шамдары, пауэрбанктер;
памперстер, ылғалды майлықтар, жеке және әйелдерің гигиена құралдары;
бірінші кезекте қажетті азық-түлік (консервілер, печенье және т.б.);
бір реттік ыдыстар;
су.
Гуманитарлық көмек қабылдау пунктінің мекенжайы:
Байтұрсынов көшесі, 22к1, 1-ші қабат (телефондар: +7 747 821 64 78; +7 747 540 01 40). Жұмыс уақыты: 10:00 - 19:00.
Ақшаны қайда жіберуге болады
Ақшалай көмекті бірнеше банктің қосымшасы арқылы жіберуге болады. Мәселен, Kaspi қосымшасында "Қайырымдылық" деген бөлім бар. Сол жерде "Еріктілердің ұлттық желісін" таңдау қажет.
Halyk Homebank қосымшасында: "Барлық төлем" - "Қайырымдылық" - "Еріктілердің ұлттық желісі".
Бұған дейін "Самұрық-Қазына" қоры Абай облысында зардап шеккендерге 200 миллион теңге аударды. Ал қаза тапқандардың отбасыларына три миллиона теңгеден бөліп берді. Бұдан бөлек, отбасы мүшелерінің кредиті кешіріледі.
Айта кетері, бұған дейін Абай облысындағы өрт кезінде қаза тапқан 14 адамның денесі табылды. Барлығына мемлекеттік награда тағайындалды. Марқұмдардың отбасыларына арнайы жәрдемақы төленеді.