АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Заңғар Нұрланұлы Армения астанасы Ереванда 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J30 TSAGHADZOR GOLDS'S GYM CUP 1 турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясы.
14 жастағы Заңғар жекелей және жұптық сында тамаша өнер көрсетті.
Финалда қазақстандық теннисші турнирдің бірінші ракеткасы, чехиялық Якуб Смычекті тізе бүктірді – 7:5, 6:1.
"Заңғар дода барысында Австрия жасөспірімдер құрамасы көшбасшыларының бірі Максимилиан Хейдельмайермен аса тартысты кездесу өткізді. Үш сетке созылған матчта қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды. Соңғы партияда қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Заңғар Хейдельмайермен бірге жұптық сында финалда ресейліктер Максим Колобов – Родион Малмыгинді ұтты – 6:7, 6:4, 10:6.
Бұл – Заңғар Нұрланұлының Халықаралық теннис федерациясы өткізген жарыста жекелей сындағы екінші титулы, дейді теннис федерациясы.