Өңірлер

Дендеропарктегі мектеп: Риддерде шу шықты

Sputnik
АЛМАТЫ, 11 маусым - Sputnik. Риддер қаласында дендропарк ішінен салынатын мектеп құрылысына қатысты дау шықты, деп хабарлайды Хабар24 телеарнасы.
Жергілікті табиғат жанашырлары бұл саябақтың жоғалуына үзілді-кесілді қарсы. Өйткені ол жерде сирек кездесетін ағаштар бар. Әкімдік өкілдері болса, осыдан ыңғайлы аумақ жоқ деп отыр. Оның үстіне құрылыс 15 гектар саябақтың бестен бірін ғана қамтиды дейді. Ал бұл ауданға білім беру мекемесі ауадай қажет. Себебі бала саны жыл санап артып, мұндағы жалғыз мектеп таршылық етіп жатыр.
Ақмарал Бейбітханованың үш қызы сабаққа үш түрлі уақытта барады.

"Бізге жетінші районға мектеп керек. Менің үш қызым үш түрлі уақытта барады. Бірақ ресми екі кезек болып саналады мектебіміз, бірақ үш түрлі уақытта оқып жатыр. Кабинет жетпейді, қосымша сабақтарға бара алмайды балаларымыз", - дейді Ақмарал Бейбітханова.

Жұрт базынасын естіген билік, жаңа мектеп салуды шешіп, жер де бөліпті. Дәл осы тұста дау шықты. Экология жанашырлары мектепке деп бөлінген учаскеде дендропарк тұрғанын айтып, дабыл қақты. Олар жасыл желекті отап, құрылыс жүргізгенге наразы.
"Мен үшін бұл саябақтың орны бөлек, аудан үшін де маңызды деп санаймын. Мектептің салынуына еш қарсылығым жоқ. Оған басқа учаске табуға болады. Бұл жерге коммуникация тарту да оңайға соқпайды. Ауыз су, жарықтандыру мәселесі тағы бар. Мамандардың сөзінше, мұнда инфрақұрылым тартуға әбден болады. Ең маңыздысы, бұл жер иесіз. Әрі талапқа сай және қолайлы", - дейді тұрғын Кристина Степанова.
Риддер қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наталья Долгованың айтуынша, мектеп үшін ең ыңғайлы жер осы жер.
"300 орындық мектеп салу үшін, 3 гектар жер керек. Оның үстіне жердің бедері тегіс болуы қажет. Сондықтан дәл осы жер учаскесі барлық талапқа сай болып тұр", - дейді Наталья Долгова.
Қоғам белсенділері болса бұл саябақтың саябақ сиқы жоқ дейді.
"Көрінген жерде шприцтер жатыр. Іші қоқысқа толып, әбден тозып кеткен", - дейді қоғам белсендісі Ольга Шанталь.
Алтай ботаникалық бағы мамандары болса саябақта мектеп салуға қарсы емес. Өйткені бұл жер нақты бір мекеменің қарамағына өтпей, қалыпқа келмейтіні анық. Сондықтан бақтың көп бөлігін сақтай отырып, мектеп салуға болады.
"Бұл жерді саябақ деуге келе қоймас. Бұл кезінде орман техникумының оқу-тәжірибелік аумағы болған. Әрине біздің өлкеде кездеспейтін ағаштар бар. Солтүстік америкалық, сібір ағашының түрлерін айтуға болады. Бірақ олар аз және ретсіз, жүйесіз әр жерде өсіп тұр. Айтпақшы, бұл ағаштар 15 гектар аумақты алып тұр. Ал мектеп соның 3 гектарына ғана салынбақ. Ең бастысы, одан соң ол жер мемлекет қарамағына өтеді, яғни күтім болады", - дейді Алтай ботаникалық бағының бөлім басшысы Андрей Винокуров.