АЛМАТЫ, 10 маусым - Sputnik. Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Ол 1967 жылы 1 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
1991 жылы Қазан қаласындағы М.Чистяков атындағы Зымыран әскерлерінің жоғары әскери командалық-инженерлік училищесін тәмамдады. Техника ғылымдарының докторы, генерал-майор.
Сырым Шәріпханов еңбек жолында азаматтық қорғаныс жүйесінде түрлі лауазымдар мен басшылық қызметтерді атқарды. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар басқармасының Дайындық және оқыту орталығының бастығы, Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы лауазымдарын атқарған.
2014 жылдан 2020 жылға дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының бастығы болған.
Сырым Дүйсенғазыұлы 2021 жылдан осы уақытқа дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы қызметін атқарды.