Абай облысындағы орман өрті

Абай облысындағы өрт: бірнеше облыстан қосымша күш тартылды

Sputnik
АСТАНА, 9 маусым – Sputnik. Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша Абай облысының Бородулиха ауданындағы орман өртін сөндіруге түрлі ведомстволардың 786 қызметкері, 187 техника мен 9 тікұшақ жұмылдырылды.
"Сағат 18:00-ден бастап Бородулихадағы Островский атындағы мектеп пен колледж ғимараттарында екі эвакуация пункті ұйымдастырылды. Бұл орталықтарға 350 адамға дейін сияды. Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында аудандық полиция бөлімінің 43 қызметкері мен 13 арнайы техникасы жіберілді", - делінген Абай облысы әкімдігінің хабарламасында.
Сонымен қатар өрттің таралуына жол бермеу үшін орман аймағына іргелес орналасқан Тәуелсіздік, Пионерская көшелері мен Южный шағынауданы аумағындағы жер жыртылған.
"Өрт сөндіруге түрлі ведомстволардың 786 қызметкері, 187 техникасы мен 9 тікұшақ жұмылдырылды. Бүгін таңертең сағат 5:35-тен бастап тікұшақтардан 93 рет жалпы көлемі 263,5 тонна болатын су төгілді", - деп мәлім етті әкімдіктегілер.
ТЖМ басшылығының тапсырмасына сай, өртпен күреске Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Астана қалаларының департаменттерінен қызметкерлер мен техника жіберіліп, қазір олар тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарына қатысып жатыр. Сонымен қатар министр Юрий Ильин Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстарынан қосымша күштер мен құралдар жіберуді тапсырды.
"Жағдай күрделене түскен кезеңге арнап Семей қаласында жағдайда 5 өрт сөндіру автоцистернасы, 1 вахтадан тұратын қосымша колонна дайындалды. Астана, Боралдай, Қызылорда қалаларынан қосымша Ми-8 тікұшақтарын және Көкшетаудан Eurocopter EC145 көп мақсатты тікұшағын өрт орнына жіберу жоспарлануда", - делінген әкімдік хабарламасында.