АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Катар инвесторлары Қазақстанда бидайды терең өңдейтін зауыт салуға ниетті. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Катар мемлекетінің өкілдерімен бидайды терең өңдеп шығаратын зауыт салу мәселесін ақылдастық. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан барлық көмекті көрсетеді деп уәде бердік", - деді Қарашөкеев елордада өтіп жатқан Астана халықаралық форумының кулуарында.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция құйғысы келетін шетелдік инвесторлар көп.
"Былтыр біз 200 миллиард доллардан астам сомаға 270-ке жуық жоба бастадық. Биыл 290 жобаны енгізу жоспарымызда бар. Оның арасында шикізат өндірісі, азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобалары бар. Жұмыс жалғасып жатыр", - деді Қарашөкеев.
Ол Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салатын басты елдер арасында Еуропа одағы, Қытай, Ресей, АҚШ екенін атап өтті.