Астана халықаралық форумы

Елордада Астана халықаралық форумы басталды

Sputnik
АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Елордада Астана халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Іс-шара Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатыр.
Форумның басты тақырыбы – "Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында". Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік сарапшылар қазіргі кездегі жаһандық мәселелердің шешімін табу үшін мақсатында бас қосты.
Форумға мемлекеттер мен үкіметтердің, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың басшылары, саяси қайраткерлер мен сарапшы топтарының өкілдері қатысып жатыр.
ХВҚ, ДСҰ, АДБ, ЕҚДБ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ ПА басшылары, ЭЫДҰ және АҚШ сауда миссиясының өкілдері, сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері бар 300-ден аса шет ел делегаттары екі күн ішінде мемлекетаралық ынтымақтастық және жаңа жаһандық әріптестікті қалыптастыру модельдерін қарастырады.
Астана халықаралық форумына жиналған құрметті қонақтар арасында Катар мемлекетінің әмірі мәртебелі Шейх Тамим бин Хамад Аль Тани, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала, БҰҰ білім, ғылым және мәдениет жөніндегі бас директоры (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және тағы басқалары бар.
Форум екі күнге созылады. Жиын барысында қатысушылар 4 негізгі бағыт бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырады. Олар: сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік; халықаралық даму және тұрақтылық; энергетика және климаттың өзгеруі; экономика және қаржы.
Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізіледі.