АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында цифровизацияның маңызына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде геосаяси шиеленіс пен ұлғайып бара жатқан протекционизм жаһандық экономикалық өсім мен тұрақтылықты баяулатып қана қоймай, қысымға ұшыратуы мүмкін.
"Алайда біз барлық уақытта әрбір дағдарыстың артында мүмкіндік дәнегі болатынын көрдік. Дәл бүгін цифровизация осындай дәнек болып тұр. Бүгінде цифрландыру біздің жүзжылдықты айқындап, экономиканың дамуын түбірімен трансформациялайды. Жасанды интеллект, блокчейн, заттар интернеті, деректер қоры сияқты жаңа технологиялардың кеңінен таралуы және енгізілуі ауыл шаруашылығынан бастап қаржы саласына дейін, экономиканың барлық дерлік секторында ойын ережесін өзгертті. Цифрландыру, сондай-ақ елдер мен өңірлердің бәсекеге қабілеттігін айқындайтын негізгі факторға айналды", - деді президент елордада өтіп жатқан Астана халықаралық форумының сессиясында.
Ол 2025 жылға қарай цифрлық технологиялардың жаһандық нарығы 50%-ке ұлғайып, 6,8 трлн долларға жететінін атап өтті. Алдағы он жылда әлемдегі қызметтер мен өнімдердің 70%-іне дейін цифрлық технологиялардың көмегімен өндіріледі.
"Қазақстан бұл үрдістің маңызын өте жақсы түсінеді. Сол себепті цифровизация біз үшін ұлттық басым бағытқа айналды. Біз Еуразиядағы ең ірі және жетекші цифрлық хабқа айналуды мақсат етеміз", деді Тоқаев.