Баум тоғайының айналасында тұрғын үй салынбайды – Алматы әкімі

Sputnik
АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Баум тоғайының маңындағы "Family" тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына қаржы құйған 120 отбасының өкілдері әкімге сауал қойды.
Үлескерлер үй құрылысына салынған тыйым және жер телімін мемлекет қажеттілігі үшін алып қоюға байланысты амал таппай отырғандарын айтты. Әкім мұндай шешім қабылдануының себебін түсіндірді.

Бұрынғыдай болмайды

Ерболат Досаев пен Түрксіб ауданы тұрғындарының екі сағатқа созылған сұхбатында Баум тоғайының жанынан "Family" тұрғын үй кешенін салу мәселесі үш рет көтерілді.
"Біз 10 жыл бойы ақша жинап, "Family" тұрғын үй кешенінен пәтер алдық. Өткен жылдың қазан айында оларда барлық рұқсат қағаздары болды. Бұл тұрғын үй кешенін салып жатқанына небәрі бір ай уақыт өткенде сіз өзіңіз қол қойған барлық құжаттарды тартып алдыңыз", - дейді Анастасия есімді аудан тұрғыны.
Оның айтуынша, соңында құрылысшы ​​сотқа беріп, жеңіске жеткен.
"Қазір сіз жерді тәркілеу туралы шешім шығардыңыз. Енді мен және мен секілді баспана сатып алған тағы 120 отбасы қайда баруымыз керек? Құрылысшымен соттасу ғана қалып тұр. Ол бізге ақшаны қайтарған күннің өзінде біз ол қаражатқа ештеңе сатып ала алмаймыз. Біз не істейміз?", - деп әкімше сауал жолдады тұрғын.
Өз кезегінде Ерболат Досаев бұл мәселемен таныс екенін айтып, әкімдік әрекетін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл ауданда тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған рұқсат құжатын Samal Development компаниясы заңсыз алған.
Себебі Баум тоғайы "Медеу" мемлекеттің өңірлік табиғи парк аумағына кіреді және ол жақта құрылыс жүргізуге тыйым салынған белгілі бір аумақ бар. Қала басшысының айтуынша, осыған байланысты әкімдікте қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
"Мен бұған дейін де жобаны жүзеге асыруға рұқсат берген емеспін. Мен барлығын заңға сәйкестендіріп жатырмын. Бұл бір ғана "Family" тұрғын үй кешеніе қатысты емес, қаланың басқа аудандарында да жүргізіліп жатыр. Олардың бұл рұқсатты қалай алғанын білемін. Компания, құрылысшылар қалада танымал. Оларды бәрі біледі. Сондықтан олар бұрынғыдай енді іс жүргізе алмайды. Барлығын дұрыс жасаймыз. Заңға сәйкес", - деді Ерболат Досаев.

Әкім құрылысшыны сотқа беремін деп қорқытты

Samal Development компаниясының тағы бір үлескері "Family" тұрғын үй кешеніне қатысты кезекті сұрақ қойды. Қала басшысы құрылыс фирмасының бастапқыда-ақ үлескерлерді тарту құқығы болмағанын айтып, сондықтан азаматтардан жиналған қаражатты өз бетінше қайтаруы керек екенін ескертті.
"Компанияның үлескерлік құрылыс туралы заңға сәйкес рұқсат қағазы болмаған. Сондықтан сіздерден бір тиын да алмауы керек еді. Өтемақы немесе қаражатты қайтаруды біз емес, компания өзі орындайды. Біз сіздерден қаражат жинаған жоқпыз. Егер жер мемлекет қажеттілігіне керек болса, біз оны нарықтағы бағасына сатып аламыз", - деді Ерболат Досаев.
Осы тұста қала әкімі құрылысшы компания халық наразылығын тудыру арқылы өзі жіберген заң бұзушылықтардан жалтаруға тырысып жатқанын айтты. Сол уақытта микрофон алдына келген Samal Development өкілі әкім бұл нысанның құрылысына рұқсат бергенін алға тартты.
- Кешен салынып жатқанынан бейхабармын дейсіз. Бірақ Түркісіб ауданының тұрғындарымен кездесуде Котельникова, 2/1 мекенжайында осындай да осындай тұрғын үй кешені салынып жатыр деп айттыңыз. Сол сөйлеген сөзіңіздің видеосы бар. Тұрғындарға сол нысанға барып тұруды ұсындыңыз, - деді Samal Development өкілі.
- Ешқашан ұсынған емеспін, - деді әкім.
- Тамаша тұрғын үй кешені салынады дедіңіз...
- "Тамаша" деген сөзді айтқан жоқпын. Ешқашан жне ешкімді жарнамалаған емеспін. Ешбір тұрғын үй кешенін. Осы сөзіңізге сотқа шағымдана аламын. Сіз халық алдында, онлайн көрсетілімде әкім қайсыбір тұрғын үй кешенін жарнамалады деп айтып тұрсыз. Кішкене ойланыңыз.
- Біздің аумақ, жер барлық құжаттары бойынша Ж-5 сияқты. Бұл көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы. Бұл сіздің қызметкерлеріңіздің қателігі емес. Бұл шынымен де көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға болатын аумақ. Ал кеше түнде алған хабарламада ол жерге балабақша саламыз деп көрсетілген. Ал сіз бұл аумаққа ештеңе салынбайды дейсіз.
- Мен тұрғын үй кешені туралы айттым. Тұрғын үй кешені салынбайды. Біз әлеуметтік нысандар сала аламыз, бірақ тұрғын үй кешенінің құрылысына рұқсат жоқ.

Ақшаны қалай қайтаруға болады?

Үлестік құрылысқа қаржы салған қызылордалық көп балалы ана Samal Development құрылыс компаниясының үстінен кезекті шағым айтты. Әйелдің айтуынша, ол тек ақшасын қайтарғысы келеді, бірақ компания қаражатты қайтарудан бас тартып отыр.
"Мен "Family" тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына ақша салдым, бірақ қазір ақшаны қайтарғым келеді. 8 айдан астам ақшаны қайтара алмай жүрмін. Компаниядағылар "ақша жоқ, Досаевтан сұра" дейді. Мен тек ақшаны қайтарғым келеді. Бұл компаниялардың құрылтайшылары өзгеріп, басқа тұрғын үй кешендерін сәтті салып жатыр. Қаражатты қайтару туралы өтініш беруіңізді сұраймын", - деді әйел Алматы қаласының әкіміне.
Сондай-ақ ол бірнеше ай бұрын қалалық полиция департаментіне арыз жазғанын айтты. Тәртіп сақшылары арызды қабылдағанымен, ешқандай шара қолданбаған.
Осыған байланысты Ерболат Досаев залда отырған Алматы қалалық полиция департаменті басшысы Арыстанғани Заппаровқа жағдайды заң аясында қатаң түрде қарауды тапсырды.
"Samal Development компаниясына қатысты мәселенің барлығын жеке бақылауға алуыңызды өтінемін. Өтінішті көтеріп, қаражатты қайтару үшін қажетті шаралар қабылдауға тапсырма беріңіз", - деді Досаев.