АЛМАТЫ, 7 маусым – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Shell компаниясының басшысы Уаэль Сауанмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы Shell концернінің бас атқарушы директоры Уаэль Сауанмен кездесу өткізді. Тоқаевқа трансұлттық компанияның энергетика және мұнай химиясы салаларында жүзеге асырып жатқан жобалары туралы мәлімет берілді.
Кездесу барысында Қазақстан мен компанияның мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығының перспективалары талқыланды.
"Ройял Датч Шелл плс." – мұнай мен табиғи газды барлау мен өндіру, қайта өңдеу мен маркетингін жасау, сондай-ақ мұнай-химия өнімдерін өндіру мен сату саласындағы мамандандырылған халықаралық энергетикалық концерн.
Штаб-пәтері Гаага (Нидерланд) қаласында орналасқан. 70-тен астам елде 80 000-нан астам қызметкері бар.
"Шелл" концерні Қазақстан Республикасындағы ең алғашқы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Биыл "Шелл" компаниясы Қазақстан нарығына келгеніне 30 жыл толды.