АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Алматы қаласының прокуратурасы талдау жүргізу барысында "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС-да салықты төмендету фактісін анықтады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған салық төлеуші жыл сайын "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС Finance Limited холдингтік компаниясына дивидендтер төлеп келген.
Алайда салық заңнамасының талаптарына сәйкес, құн өсімінен түскен табыстар, дивидендтер, сыйақылар, роялтиге төлем көзінен 15% мөлшерлеме деңгейінде салық салуға жатады.
"Бірақ салық есептілігін зерттеу кезінде аталған ЖШС 2018-2022 жылдар аралығында жыл сайын талап етілетін 15%-тің орнына 10% көлеміндегі мөлшерлеме бойынша салық ұстап, резидент емес мекемеге қатысты сыйақы төлегені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Осыдан кейін прокуратураның талабы бойынша салық органы "KAZ Minerals Aktogay" ЖШС қызметінде корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеудің дұрыстығына тексеру жүргізді. Аталған фактілер расталып, 8,2 миллиард теңге көлемінде қосымша салық есептелді.
Белгілі болғандай, салық төлеуші көрсетілген соманы мемлекет кірісіне толық көлемде төлеп, мемлекет мүддесі қорғалды.