Назарбаев кеңсесінің жұмысы тоқтатылады – Жамаубаев

Sputnik
АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Заң аясында Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесінің жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір кеңсені қайта құрылымдау процесі жүріп жатыр. Қызметкерлерді жұмыстан шығару, орындарды басқаларға беру жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Кез келген адамды жұмыстан шығару үшін біз еңбек заңын сақтауымыз керек. Елбасы кеңсесі жалпы заңда көрсетілген аясында ғана жұмыс істейтін болады. Тек қана кеңсе емес, кітапхана бар, онда құнды-құнды дүниелер бар. Оны қандай министрліктің, қандай мемлекеттік органның аясына ауыстыру керек, қайта құру керек, жалғыз тастап кетпейміз ғой", - деді Жамаубаев мәжіліс кулуарында.
Осы орайда журналистер одан Елбасы кеңсесі жұмысын жалғастыра ма, жоқ әлде тоқтатыла ма деп нақтылады.
"Қазір қайта құрылымдау процесі жүріп жатыр. Негізінен жалпы заң аясында оның жұмысы тоқтатылады", - деп жауап берді министр.
БАҚ өкілдері "Назарбаевтың кеңсесін жапса, экс-президент қайда жұмыс істейді?" деп те сұрады.
"Мұны оның айналасындағы адамдардан сұраңыздар. Мен қайдан білейін. Олардан сұраңыз, басқа кеңселері бар шығар", - дейді вице-премьер.
Айтуынша, қайта құрылымдаудан шамамен жылына 2-3 миллиард теңге үнемделеді.
Назарбаевқа тіл тигізгені үшін қылмыстық жазаның күші жойылуы мүмкін