АСТАНА, 7 маусым – Sputnik. Шу ауданының тұрғыны полицейлердің төрт жерден пышақ сұққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
"Кеше үй жаққа қайтып бара жатқан кезде Шу ауданының полиция қызметкерлері тоқтатып, машинамның алдында ұрып, төрт жерден пышақ тықты", - дейді ол.
Жәбірленуші бірнеше қызметкердің атын да жариялады. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары істі жылы жауып тастағысы келеді.
Жамбыл облыстық полицияның мәліметіне сәйкес, қазіргі оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қызметтік тексеріс басталды.
"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық, суық қаруды не денсаулыққа зиян келтiру үшiн арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған іс-әрекеттер) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері істің толық мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті жедел тергеу іс шарасын жүргізуде. Тергеу барысы ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауына алынды", – дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.