АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. "Kazakhmys Energy" компаниясына 27 миллион теңгенің айыппұлы салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Тексеріс кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық реттеу, электр энергетикасы, еңбекті қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық талаптары сақтау және тағы басқа мәселелер бойынша 600-ге жуық тәртіп бұзушылық анықталды.
Компания өзіне қарасты Жезқазған мен Балқаш жылу электр станцияларын жаңғыртуға инвестиция салмаған. Ал қазіргі шаралар ағымдағы ақауларды жоюмен ғана шектеледі. Бұдан бөлек, электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану ережелерін бұзу фактілері бар. Жылу желілерінің температуралық кестелері сақталмайды, өлшеу құралдарын уақтында тексермейді.
"Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдардың атына 16 прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, кінәлі адамдар 27 млн.теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бүгінгі таңда "Kazakhmys Energy" ЖШС 21 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл төледі", - делінген ресми хабарламада.
Уәкілетті органдар Жезқазған мен Балқаш ЖЭО-ларында нақты іс шаралар мен орындау мерзімдері, соның ішінде жабдықтарды жаңғырту көрсете отырып, заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізді.