АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров шекара маңында орналасқан ауылдардың мәселесін көтерді. Депутат шекарадағы елді мекендерде шетелдік ұялы байланыс операторлары жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сайыровтың айтуынша, Қазақстанда шекара түбінде тұратын елу шақты шағын ауыл бар. Сол ауылдарда жол, су, медицина, ұялы телефон мәселесі әлі де өзекті.
"Шекарадағы аудандарда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ететін ең негізгі мәселе – сол аудандарда шетелдік ұялы телефон операторларының жұмыс істеп тұрғаны. Мысалы Қытайға қарасақ, Зайсан, Марқакөл, Мақаншы, Тарбағатай, Нарынқолдың барлығында Қытайдың ұялы телефон операторы істеп тұр. Ресей жақта ресейлік ұялы телефон операторы істейді. Бұл еліміздің тұтастығына, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселе", - дейді Сайыров мәжілістегі үкімет сағатында.
Мәжілімен қазір Шығыс Қазақстанда Зайсан, Тарбағатайда жергілікті әкімшілік министрлікпен бірігіп, ұялы телефон станцияларын қойып жатыр. Жақын арада ол жақта отандық операторлар пайда болады.
"Ал енді Қазақстанның бүкіл шекарасы периметрінде бұл мәселе өте өзекті ғой. Міне осы мәселе қалай шешіледі?", - деп сұрады депутат үкімет мүшелерінен.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, ауылдық елді мекендерді дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымында шекаралас ауылдарға ерекше көңіл бөлінген. Мәселе кешенді түрде шешіледі.
"Бірақ шекаралас ауылдардың деңгейі әртүрлі. Өзбекстанда басқа жағдай, шығыста басқа, солтүстікте одан да басқаша. Біз шекарада орналасқан шекара заставаларын күшейтеміз. Осы шекара заставаларының төңірегіндегі ауылдарды дамыту және қосымша қаражат бөлу жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді Қуантыров.
Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, радиотолқындарды шекарада шектеу мүмкін емес. Сондықтан байланыс саласындағы өңірлік байланыс әкімшіліктері 2009 жылдың шешімімен шекара арқылы раидосигналдарды таратудың максималды ара қашықтығын 15 шақырымға дейін белгілеген.
"Облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның шекара аумағында 770 ауыл орналасқан. Оның ішінде 228 ауылда шетелдік операторлардың ұялы байланыс сигналдары бар. Ол рас. Сондықтан қазір "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасына сәйкес, біз 2024-2027 жылдары осы ауылдарда жай байланыс емес, сапалы интернетті қамтамасыз етеміз", - деп сендірді вице-министр.
Осы орайда мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров тағы да сөзге араласты.
"Біздің көршілес мемлекеттер, соның ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстан шет мемлекеттің ұялы байланысын шектейді, сондай станциялар қойған. Өйткені олар интернеттің идеология екенін түсінеді. Сондықтан бізге өзіміздің ұялы телефон операторларын қоюмен бірге, сол шетелдік интернетті, ұялы байланысын шектейтін қалқан жасау керек. Осы мәселені қазірден бастап ойлануымыз керек. Ұлттық қауіпсіздігіміздің ең негізгі аспектісі осы", - деді Сайыров.