АСТАНА, 5 маусым – Sputnik. Қазақстан әуежайларының өкілдері әуе айлақтарында рейстерге қызмет көрсету тарифтерін көтеруді және авиакеросин сатып алу кезінде делдалдарды алып тастауды сұрап отыр.
Бұл туралы олар Қазақстанның азаматтық авиация қауымдастығы мүшелерінің бірінші съезінде мәлімдеді.
Қазақстанда әуежай өкілдері тарифтің төмен болуына шағымданды
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Съезде ел әуежайларының өкілдері айтқан мәселелердің қатарында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлерді жиі тексеру және оқыту бар.
Сондай-ақ, сала өкілдері әуежай қызметтерінің тарифтері тым төмен екенін, бұл әсіресе ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қиындықтар туғызатынын мәлімдеді.
Әуежайдың бірнеше ресми өкілінің айтуынша, реттелетін тарифтердің кейбірі 13 жыл бұрын белгіленген. Инфляция мен валюта бағамының өзгеруіне байланысты бүгінде Қазақстандағы әуежайларда қызмет көрсету тарифтері Еуропа елдерімен салыстырғанда 3-4 есе арзан.
"Тарифтерге қатысты мәселе күрделі. Олар өте төмен, кейбір тарифтер тіпті 1998 жылдан бері қарастырылмаған. Сондықтан әуежайлардың кірісін арттыру үшін әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету тарифтерін тікелей көтеру қажет", - дейді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Юрий Ким.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Юрий Ким
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Оның пікірінше, авиациялық қауіпсіздіктің тіркелген тарифтерін кем дегенде 5 есеге арттыру керек.
Алматы халықаралық әуежайының президенті Эрсой Альп Эр Тунга әуежайдағы кейбір қызмет түрлері Еуропа елдерімен салыстырғанда үш-төрт есе арзан деп есептейді. Алайда әуежайлар авиациялық қауіпсіздік, ұшу-қону жолағы жағдайлары және әуежай қызметтері бойынша халықаралық немесе еуропалық стандарттарға сай болуы керек.
"Мысалы, Алматыда әуежай салығы 8 доллар, ал Грузияда 24 доллар, Стамбул мен Еуропа елдерінде 25 доллар тұрады. Бұл жолаушының терминалға кірген кездегі қажеттілігін өтейтін және әуежайда қызмет көрсететін тариф. Ол билет құнына кіреді", - деп түсіндірді Эрсой Альп Эр Тунга.
Алматы халықаралық әуежайының президенті Эрсой Альп Эр Тунга
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Қазақстандық әуежайлар өкілдерінің айтуынша, олар шетелден немесе делдалдар арқылы сатып алатын авиакеросиннің қымбат болуы да проблема тудырып отыр.
"2022 жылдың шілдесінен бастап біз жанармайды тікелей зауыттан сатып ала алмаймыз. Осыған байланысты біз импортау арқылы сатып алуға мәжбүрміз, оның құны 20-30%-ке қымбат. Көптеген адам әуежай жанармайдан көп пайда табады деп ойлайды. Бұл қате түсінік", - деп түсіндірді Эрсой Альп Эр Тунга.
Ол Қазақстанның, әсіресе Алматының географиялық тұрғыдан ыңғайлы транзиттік хаб екенін, өйткені ол Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрғанын, бірақ импорттық жанармайдың қымбаттығына байланысты қазақстандық әуежайлар транзиттік хаб ретінде тартымдылығын жоғалтып жатқанын айтты.
Қазақстанда әуежай өкілдері тарифтің төмен болуына шағымданды
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Түркістан халықаралық әуежайының өкілі де авиакеросин бағасының жоғары болуы халықаралық тасымалдаушыларды аймаққа тартуды қиындатып отырғанын айтты.
"Әуежай жаңа, оның пайдалануға берілгеніне енді үш жыл болады. Бірақ өкінішке қарай біз жүк транзиттік рейстерді тарта алмаймыз. Себебі жанар-жағармай өте қымбат. Сондықтан Түркістан, Шымкент, Қызылорда әуежайлары үшін мұнымен айналысып, даму туралы айту қиын. Біз қазір тұрақты рейстерге ғана қызмет көрсетеміз", - деді басқарушы директордың орынбасары Ілияс Нұғманов.
Сонымен қатар "Ашық аспан" қағидасы Қазақстанда барлық әуежайда бірдей жұмыс істеп тұрмағаны да айтылды. Ол басқа әуе компанияларын ішкі және халықаралық рейстер үшін тартуға қажет.
Қазақстанда әуежай өкілдері тарифтің төмен болуына шағымданды
© Sputnik/Ертай Сарбасов
Әуежай өкілдерінің барлық айтқан мәселелерін тыңдаған Азаматтық авиация қауымдастығының президенті Ғабит Тәжімұратов қауымдастықтың уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.
"Көтерілген барлық мәселені Жол картасына енгізіп, әрбір тармақ бойынша орындалу мерзімін белгілейміз. Одан кейін Қазақстанның Азаматтық авиация комитетімен, министрлікпен келіссөз жүргіземіз. Бұл мәселелерді қауымдастықтың немесе әуежайлардың өзі шеше алмайды. Себебі бұл мәселелер мемлекеттік деңгейдегі күрделі мәселелер", - деді Ғабит Тәжімұратов.