Түркістан облысында түлектер екі отбасыға баспана сыйлады

Sputnik
АСТАНА, 4 маусым - Sputnik. Түркістан облысының Созақ ауданында мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер 2 отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды "Хабар 24".
Шолаққорған ауылындағы 2 бөлмелі үйді Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп лицей-интернаты мен Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебін бітіргеніне 20 жыл болған түлектер 2 айдың ішінде өздері салып шыққан. Жаңа үйдің кілтін тұрмысы төмен көпбалалы отбасына табыс етті.
"Осындай 2 бөлмелі үйіміз болса деп армандап едік, арманымызға жеттік. 5 бала-шағам бар. Мен өзім қоғамдық жұмыстар істеймін. Жолдасым 15 күндік ауысыммен істейді, жақында кірген. Рақмет мектеп түлектеріне", - деді көпбалалы ана Алтынай Басарова.
Мектеп түлектері баспананы тұрғызуға 9 млн, ішін жиһазбен жабдықтауға 3 млн теңге жұмсағанын айтады. Сондай-ақ үйді тапсырғанға дейін кімге беретінін құпия ұстапты.
"Бұл отбасын таңдау барысында таныстыққа қараған жоқпыз. Тек отбасы жағдайына қарап, көпбалалы отбасы болғандықтан, балалары еліміздің жақсы азаматы болып өссін деп, осы үйді сол кісілерге табыстап отырмыз. Өзіміз прораб болдық, өзіміз дизайнер болдық. Барлығын өзіміздің жігіттердің еңбегімен бітірдік", - дейді Марат Орынбаев.
Игі дәстүр Таукент кентінде де жалғасты. Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан азаматтар жылдар бойы жалдамалы үйде тұрған көпбалалы, жалғызбасты анаға көп қабатты тұрғын үйден 1 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, қуанышқа бөледі.
Олар пәтерді сатып алып, ішіне жөндеу жүргізген. Қажетті жабдықтарының бәрін жаңалаған. Пәтер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған.
"Артымыздан өсіп келе жатқан іні-қарындастырымызға өнеге болсын, осы дәстүр жылдан жылға жалғаса берсе екен дейміз", - дейді Берік Медеубаев.
Еселі еңбегімен елдің құрметіне, көптің ыстық ықыласына бөленген түлектерге ауыл ақсақалдары ризашылығын білдірсе, аудан басшылығы арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Жалпы мереке қарсаңында өңірдегі Түлкібас және Шардара аудандарында да түлектер баспанаға мұқтаж жандарға баспана сыйлап, қуантты.