Тоқаев Үндістан премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады

Sputnik
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Нарендра Модиге және Үндістан халқына теміржол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
"Одиша штаты, Баласор елді мекенінде болған теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Жақындарынан айырылған отбасылардың ауыр қайғысына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай азалы сәтте Үндістан халқымен біргеміз", – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетері, Үндістанда жолаушылар және жүк пойызы соқтығысты. Салдарынан қайтыс болған адамдар саны 285-тен асты, мыңнан аса адам жарақат алды. Сегіз вагон аударылып қалған. Құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.