Павлодар облысының әкімі өңірде су қоймасын салуды ұсынды

Sputnik
АСТАНА, 3 маусым – Sputnik. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңір аумағындағы Ертісте су қоймасын салуды ұсынып, нысан құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді тапсырды.
"Облыс аумағында су қоймасын салу мүмкіндігін зерттеуді ұсынамын. Ол үшін гидрогеологтармен, гидротехниктермен ақылдаса отырып, арнайы орын белгілеуіміз керек. Өйткені судың бөлінуі қайта айдау арқылы емес, барлық су қоймаларындағыдай табиғи жолмен жүруі керек. Осыдан кейін бұл ұсыныспен үкіметке шығуға болады", - деді аймақ басшысы Экологиялық кеңес отырысында.
Ол өңірдің дамуы керектігін, ол үшін жеке су қорының болуы қажеттігін баса айтты. Ең алдымен, Ертістен ауыз сумен қамтамасыз етудің қауіпсіздігіне назар аудару керек. Су қоймасының көлеміне байланысты жайылымдарға су жіберуді де қолға алуға болады. Әкім бұл үшін Ертістің мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.
Су қоймасын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кемінде үш-төрт жыл қажет.
Биыл көктемде Шығыс Қазақстан облысының су қоймаларынан экологиялық су жіберулер жеткіліксіз болғандықтан, Ертіс жайылмасы жартылай да суға толған жоқ. Осыған байланысты Павлодар облысының мыңдаған тұрғыны күзде малына жем-шөпсіз қалуы мүмкін. Мәжілісмендер премьер-министр мен Бас прокурорға келесі жылы тағы мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті тексеру жүргізуді сұрады.
Павлодар облысындағы ауылда бір ғана оқушы мектеп бітірді