ПАВЛОДАР, 3 маусым – Sputnik. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі екібастұздықтардың жаппай қоныс аударып жатқаны туралы ақпаратқа жергілікті тұрғындар наразылық білдіріп отыр.
Желіде Екібастұз тұрғындарының жаппай қоныс аударғаны туралы ақпарат тарады.
Өткен қыста ірі коммуналдық апат салдарынан жылусыз қалған Екібастұз қаласының тұрғындары жаппай қаладан кетіп жатыр, деп хабарлады БАҚ. Олардың айтуынша, көптеген азамат жылжымайтын мүлікті өте арзан бағаға сатып, келесі қыста тағы бір апат болады деген қорқынышпен қаладан көшіп жатыр.
Пабликтердің бірінде өзін Екібастұздағы жылжымайтын мүлік агенті деп таныстырған Марина бір бөлмелі пәтер небәрі 5 миллион теңге тұратынын, ал екі бөлмелі пәтердің орташа бағасы небәрі 8 миллион теңге екенін айтты.
Сарапшы мұны жылжымайтын мүлік бағасы үшін жасалған әрекет деп атады.
"Бірақ өткен жылы да осы баға болатын. Екібастұзда тұрғын үй бағасы Астана, Алматы және облыс орталықтарына қарағанда төмен. Бірақ бұл жергілікті сұранысқа сай. Бағаның күрт төмендеуі туралы ақпаратты тарату тұрғындардың назарын риэлторларға аудару үшін жасалған қадам деп ойлаймын", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне екібастұздық қоғам қайраткері, республикалық меншік иелері қауымдастығының кеңесшісі Александр Разумовский.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі агент айтқан азаматтардың жаппай кетуі шын мәнінде байқалмайды. Сарапшының айтуынша, өнеркәсіптік қала саналатын Екібастұзда жалақы айтарлықтай жоғары. Сондықтан уақытша қолайсыздықтар салдарынан бәрін тастап, басқа жаққа кетуі екіталай.
Sputnik Қазақстан тілшісі кеншілер қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен әлеуметтік желідегі ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады.
"Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың бірінші тоқсанында Екібастұздан 702 адам кеткен, 478 адам келген, миграция сальдосы - (-224). Бірақ өткен жылдың осы кезеңінде 919 адам кеткен, 546 адам келген, сальдо ( -373)", - деп жазылған әкімдіктің ресми түсініктемесінде.
Әкімдіктің мәліметінше, апатқа дейін қаладан кеткендер саны апаттан кейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 217 адамға көп. Биыл қала халқы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 149 адамға өскен.
"Krisha.kz" порталында пәтер сату туралы 816 хабарландыру жарияланған, оның ішінде: бір бөлмелі – 192, екі бөлмелі – 624. Бір бөлмелі пәтер бағасы 4,5-12 миллион теңге аралығында ауытқиды. Яғни, пәтердің орташа құны 6-7 миллион теңге.
Екі бөлмелі пәтер бағасы 7-ден 15 миллион теңгеге дейінгі бағада сатылады, ал олардың орташа бағасы 10-нан 12 миллионға дейін.
Әкімдік өткен жылы да пәтер бағасы қазіргімен бірдей болғанын атап өтті. Ал 2021 жылы бір бөлмелі пәтер бағасы 4-10 миллион теңгеге дейінгі аралықта. Орташа құны – 5-6 миллион теңге. Екі бөлмелі пәтер 6-13 миллион теңгеге сатылды, орташа бағасы 9-11 миллион теңге болды.
Екібастұздықтар не дейді
Апат салдарынан пәтер құнының арзандағаны туралы хабар екібастұздықтарды да таңғалдырды.
"Білмеймін, керісінше, ауданда жаңадан келген адамдардың көптігін байқадым. Қолдары бос, ойына келгенін жазып жатыр. Күзде пәтерлер одан да қатты қымбаттайды".
"Баспана арзандаған жоқ, төтенше жағдайға байланысты азаматтар қоныс аударған жоқ".
"Пәтер бағасының төмендегенін байқамадым. Бұрын 3 бөлмелі пәтер 6,6 миллион теңге болса, қазір ондай ақшаға пәтер таппайсың", - деп жазды екібастұздықтар әлеуметтік желіде.
Өткен жылдың 27 қарашасына қараған түні Екібастұз қаласындағы жылу желілеріндегі төтенше жағдай салдарынан көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің бір бөлігі жылусыз және ыстық сусыз қалды. Қалада жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, ол режим апаттан кейін 12 күн өткен соң 8 желтоқсанда Екібастұз қаласы әкімінің шешімімен алынып тасталды. Қазір жылу электр орталығы мен қаланың жылу желілеріндегі жабдықтарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Билік Екібастұз тұрғындары алдағы қысты мұндай апатсыз қарсы алады деп уәде беріп отыр.