Қырғызстанда әйел нәрестесін iPhone телефонына айырбастамақ болған

Sputnik
АЛМАТЫ, 2 маусым – Sputnik. Қырғызстанда әйел адам жаңа туған нәрестесін iPhone 12 ұялы телефонына сатып, Ресейге кетпек болған, деп хабарлайды 24kg порталы.
Иссык-Ата ауданының полициясы бала сату фактісін анықтады. Бұл туралы Қырғыз республикасы Шу облысының ІІБ баспасөз қызметі хабарлады. 25 жастағы әйел жүктіліктің сегізінші айында Б есімді тұрғынмен баласын сатуға уәделескен.
"Әлі тумаған баланы әйел 100 мың сомға, iPhone 12-ге және Ресейге әуе билетіне сатпақ болған. Нәрестені сатып алушы бала туылғанға дейін жүкті әйелді бағып-қағу керек болған. Баланы сатып алушы Б. Иссык-ата ауданының жалпы тәжірибелік дәрігерлік орталық қызметкерімен сөз байласып, жүктілік туралы жалған карта жасаған", - дейді ведомстводағылар.
Жүкті әйел 20 мамырда аман-есен қыз туған. Полиция қызметкерлері баланы сату қылмысының жолын кескен.
Сатып алушы мен баланың анасы полиция бөліміне жеткізілді, дейді полиция.