Балаларды қорғауға қатысты ұсынысты жүзеге асырмас бұрын мұқият зерттеу қажет - Тоқаев

Sputnik
АСТАНА, 1 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинді қабылдады.
Кездесу барысында балалардың денсаулығы мен әлеуметтік тұрғыда қорғалуына, сондай-ақ балаларға жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекетке қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысына Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің атқарған қызметі туралы есеп берілді.
Президент кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін пәрменді шаралар қабылдау, сондай-ақ жетім балалардың құқықтарын қорғауға берілген кепілдікті сақтау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау маңызды екеніне назар аударды.
"Тоқаев бала құқығын қорғау және денсаулығын сақтау жүйесін нығайту аса маңызды екенін атап өтті. Сондықтан балаларды қорғауға қатысты барлық ұсыныс пен бастаманы жүзеге асырмас бұрын мұқият зерттеу қажет", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы туындаған түйткілдерді шешуге тікелей атсалысу үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жергілікті жердегі жұмысын жандандыру қажет екеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, президент Бала құқықтары жөніндегі уәкілге бірқатар міндет жүктеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту, балаларға қатыгездік жасау фактілеріне дер кезінде мән беру, буллингке қарсы күресу солардың қатарында.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке итермелейтін әрекеттердің алдын алу сынды арнайы білім алуға мұқтаж балаларды қолдау, сондай-ақ жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аудару тапсырылды.
Астанада Балаларды қорғау күні қандай іс-шаралар өтеді