АСТАНА, 31 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша заңнаманы ретке келтіруге кірісті. Соның аясында Қылмыстық кодекстен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлағаны және бейнесін бүлдіргені үшін жаза қолдану баптары жойылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, қазіргі Конституцияда Елбасы және оның құзіреті туралы бап жоқ. Ол референдумның нәтижесі бойынша алынып тасталды.
"Қылмыстық кодексте ол баптардың қажеті жоқ. Себебі Елбасы деген мәртебе жойылды. Қылмыстық жауапкершілікті қолданудың керегі де жоқ, оны бұрын да қолданбаған. Енді, ондай баптар болмайды. Бүгінде заңнаманы Конституцияға сай келтіру керек. Біз осыны істеп жатырмыз", - деді Имашева.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 373-бабында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық, Елбасының бейнесін бүлдіру мен заңды қызметіне кедергі жасау бойынша 5 000 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы болған.
Ал 374-бапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне –Елбасына тиіспеушілік кепілдігін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиіспеушілік кепілдігін, оның ішінде мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайларына, сондай-ақ оларға тиесілі құжаттарға тиіспеушілік кепілдігін қандай да бір нысанда бұзғаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын.