Боксшы Шымбергенов президенттің берген сыйлығы туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. Бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов Ақордада өткен президентпен кездесу туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Чемпион президенттің алдында сөз сөйлеуге екі күн дайындалған. Айтуынша, қобалжу да болды. Бірақ рингпен салыстырғанда Ақордада сөз сөйлеген оңай, дейді өзі.
"Бірінші күні сөзімді әшейін оқыдым да, ұйықтап қалдым. Сосын ертеңінде тұрдым да, таңертен жаттам алдым. Қобалжу болды, бірақ сөз сөйлегенім өзіме ұнады. Соны қайта-қайта көрдім, жақсы сөйлеппін (күлді). Президент бізге iPhone 14 Pro сыйлады", - деді Шымбергенов QAZAQ RING подкастына берген сұхбатында.
Сценарий бойынша чемпион өз белбеуін президентке сыйлауы керек болған. Бірақ Тоқаев одан бас тартты.
"Маған басында белбеуді президентке сыйлайсың деді. Оны берейін деп жатқанда президент "бұл менің жетістігім емес, бұл сенің еңбегің, өзіңде болсын" деді", - деп атап өтті Шымбергенов.
Бұған дейін чемпионға Тараз қаласында су жаңа пәтер де сыйға берілді. Шымбергеновтың айтуынша, кішігірім жөндеу жұмыстарын жасау керек.
"Тұсқағаз жабыстыру керек. Сосын аспашам іліп, жиһаз кіргізу керек. Сонымен дайын болады. Бір бизнесмен ағамыз ремонт жасап беремін деген, бұйыртса", - деп атап көрсетті чемпион
Айта кетері, Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары төрт алтын және бір күміс медаль жеңіп алған болатын.
Астана әкімі бокстан әлем чемпиондарына пәтер кілтін табыс етті