АЛМАТЫ, 30 мамыр – Sputnik. Алматы облысының Қарасай ауданында екі жыл бұрын "Бэби-бокс" ашылған. Өкінішке қарай, мұнда сол уақыттан бері 2 баланы тастап кеткен. Аудандық аурухана аумағында орналасқан "Бэби бокс" туралы Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
2021 жылы Қарасай аудандық ауруханасының экс-басшысы Мәулен Малғаждаров "Бэби бокс" ашыпты. Әу баста "тастанды баланың көбеюіне жарнама болды" деген дақпырт тараған. Бұл боксты балаларды қоқыс жәшігінде емес, қауіпсіз жерде қалдырсын, өміріне қауіп төндірмесін деген мақсатта орнатқан. Қарасайдағы бокс екі жылда екі нәрестенің өмірін аман алып қалған.
Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Индира Қабаева
© Sputnik/Ертай Сарбасов
"2021 жылдан бері екі баланы тастап кетті. Ол балалар келген кезде полиция, қамқоршылық органдары шақыртылды. Баланың анасын тауып, сөйлесті. Отбасылық жағдайға байланысты мәселе туындағаны анықталды, ажырасып кетуіне байланысты балаға қарай алмайтынын айтты, қайда, кімге апарарын білмеген. Псиохологтардың көмегіне жүгіндік, екі жақтың ата-анасын шақырдық. Түсіндірдік, барлық мәселе шешілді. Бірақ бала бізде ұзақ жатты, 17 күн болды", - дейді Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Индира Қабаева.
Алматы облысындағы "Бэби-бокс"
© Sputnik/Ертай Сарбасов
"Бэби бокс" ішінде арнайы анаға жазылған хат бар. Онда баладан бас тартудың соңы орны толмас өкінішке әкелетіні туралы ақыл-кеңестер айтылған. Бокстың есігі тәулік бойы ашық тұрады. Іші жылы, арнайы компьютер орнатылған. Баланы қалдырған бойда бүкіл ауруханада дабыл ойнайды. Дәрігерлер дереу көмекке келеді.
Алматы облысындағы "Бэби-бокс"
© Sputnik/Ертай Сарбасов
"Ал биылғы жағдай наурыз айында болған, баланы тастаған тұрмысқа шықпаған 18 жастағы қыз екен. Перзентханадан шыға салысымен интернеттен іздеген. Өзі қоңырау шалып, "Алматыда жоқ екен, жақын жерде сіздерде бар екен. Мен қазір барамын, 1,5 сағатта баламды тастап кетемін" деді. Әкелді баланы, бала толық қаралды. Даун синдромы бар екен, бірақ оны анасы білмеді. Біз өзіміз анықтадық. Анасымен сөйлестік, баланы апаратын жері жоқ. Қамқоршылық органына хабар бердік, олар 5 күнде алып кетті", - дейді Индира Қабаева.