АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Беларусь президенті Александр Лукашенконың ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақорданың Telegram каналына сілтеме жасап.
Бұған дейін Александр Лукашенко Қазақстан мен басқа да мемлекеттер Беларусь-Ресей одағына кіре алатынын айтқан болатын.
"Сонда барлығына ортақ ядролық қару болады", - деді Лукашенко.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев осы "шақыруға" қатысты өз ойын айтты.
"Жақында Беларусь Республикасының президенті Александр Григорьевич Лукашенко Қазақстанға Одақтас мемлекетке кіруге ұсыныс жасады. Мен оның әзілін жоғары бағаладым. Оған қажеттілік жоқ деп ойлаймын, себебі басқа да интеграциялық бірлестіктер, алдымен Еуразиялық экономикалық одақ бар. Ал ядролық қару бізге керек емес. Өйткені біз ядролық қаруды таратпау келісіміне және ядролық қару сынақтарына тыйым салу келісіміне қосылдық. Осы халықаралық құжаттар бойынша өз міндеттемелерімізге адал болып қаламыз", - деді Тоқаев.