АСТАНА, 29 мамыр – Sputnik. Қазақстан Қытайдың жарнама сайтында жарияланған қазақ жеріне қатысты ақпарат бойынша Бейжіңге хабарласты. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Қытайда қазақ жері жалға берілетіні және сатылатыны туралы жарнама жарияланды. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл мәселе бойынша көрші елдің сыртқы істер министрлігіне хабар берілді.
"Иә, біз де көрдік. Қытай тарапына дереу жеткізілді. Бейжіңдегі біздің елші ақпаратты сол елдің сыртқы істер министрлігіне жеткізді және біз де осындағы Қытай елшілігіне жеткіздік", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Ресми өкіл бұл фейк жарнама екенін атап өтті.
"Біз телефонына хабарласып көрдік, ешкім алмайды, телефон сөніп тұр. Ол хабарландырудың қалай модерациядан өткені белгісіз. Қазір Қытай тарапы соны тексеріп, мұндай жағдайды келешекте болдырмауға келісім берді", - деп түйіндеді Смадияров.