АСТАНА, 29 мамыр - Sputnik. Мемлекет басшысы Солтүстік-Қазақстан облысындағы іс-сапарында "Дайындық Агро" ЖШС-не қарасты егістік алқабын аралады, деп хабарлайды Ақорда.
Мақсаты - көктемгі егіс науқанымен танысу. Айта кетейік, аталған шаруашылық дәнді, майлы дақылдар өсірумен және мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. "Дайындық Агро" директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық "Тризо" сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алуды жоспарлап отырғанын айтты. Президентке көктемгі егіс науқанының барысы жөнінде мәлімет берілді.
Президент Солтүстік Қазақстандағы егіс алқабын аралады
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың айтуынша, егістік алқаптарын минералды тыңайтқыш жеткізу, көктемгі егіс жұмыстарына техника сайлау, диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету ісі жоспарға сай орындалып жатыр.
Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ президент облыс басшылығына осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамытуды тапсырды.
Президент Солтүстік Қазақстандағы егіс алқабын аралады
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Президент диқандардың экспорттық сұранысы жоғары дақылдарды өсіруге бейімделгенін атап өтіп, шаруалардың еңбегіне оң баға берді.
Айта кетейік, Солтүстік-Қазақстан облысы бойынша 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі, оның ішінде 3,2 миллион гектарға – дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар, 960 мың гектарға – майлы дақылдар, 353 мың гектарға – мал азығын, 34,1 мың гектарға – картоп, 6,2 мың гектарға – басқа да көкөніс түрлерін егу жоспарланған. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан.