АСТАНА, 29 мамыр - Sputnik. Алматы маңындағы автокөлік жүргізушілері жаңа үлкен айналма автомобиль жолына төленетін ақы қымбатқа түсе ме деп алаңдайды, деп хабарлайды 24.kz.
Жол саласының өкілдері төлем мәселелерін түсіндіруге тырысты.
Алматылықтар көліктің айналма жолын көптен күтті. Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполистегі көлік кептелісі проблемасын біршама шешеді. Ол Қарасай, Іле және Талғар аудандары арқылы өтеді. Оның ұзындығы 66 шақырым, бұл жол арқылы тәулігіне 40 мың машинаға дейін жүреді.
"Қазірдің өзінде жаман жолдардан шаршадым. Бірақ, олар ақылы болады дейді. Алайда, ақы алу механизмі бізге әлі түсініксіз. Мысалы, Қаскелең мен Алтын Орданың арғы жағына шықпаймын. Сонда мен қанша төлеуім керек?"- деп сұрайды жүргізуші Айдар Асқарұлы.
Ақылы жолдың өкілдері жаңа айналма жол бойынша жол жүру құны автомобильдің салмағына байланысты бір сапар үшін 200 теңгеден 2500 теңгеге дейін болатынын айтты.
БАКАД бойында тұратындар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Ай сайынғы абонемент 1 725 теңге тұрады. Бірақ жеңілдік алу үшін көлік құралы автомобиль жолына іргелес үш ауданның бірінде тіркелуі керек. Қазіргі уақытта мұнда 300 мыңға жуық машина бар.
Айналма жолға, "БАКАД" ЖШС бөлім басшысы Нұрланбек Өмірбаевтың айтуынша, Абай, Рысқұлов, Саин, Солтүстік айналма жол көшелерінен шығуға болады.
"Бұл көшелер қосымша жоспарға енгізілген, қазіргі күні жол қолданысқа берілді. Жол бойында бейнекамералар, метеостанциялар, белгілер мен айнымалы ақпарат тақталары орнатылған", - деп атап өтті ол.
"Ақылды" жүйенің арқасында өтіп бара жатқан машиналар туралы барлық мәліметтер бас кеңсенің диспетчеріне түсіп, кез-келген сұрақтарға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Қала маңындағы тұрғындар үшін абонементті әкімдіктен және арнайы ХҚКО-дан немесе мобильді қосымша арқылы алдын ала сатып алуға болады, деп қосты ақылы жол өкілі.