АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Қазақстанда автомобиль жолдарының ұзындығы 572 шақырымға қысқарды. Ұлттық статистика бюросы жолдардың қазіргі жағдайы туралы мәліметтерді жариялады.
"2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 94 781 шақырымды құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 572 шақырымға аз", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Бюро мәліметінше, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 26,2%, облыстық – 33,5% және аудандық – 40,1%-ті құрап отыр.
"Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығының 94%-і қатты жабынды жолдар болса, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 88,9% деңгейінде болды", - деп толықтырды ведомство.
Еліміздегі жолдардың 3,3%-і ғана бірінші санатқа, ал 47,2%-і төртінші санатқа жатады.
Қалаішілік жолдардың ұзындығы 25 139 шақырымды, ауылішілік жолдардың ұзындығы 56 790 шақырымды құрайды.