АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Бейжіңде қазақ әндерінің қытай тіліне аударылған жинағы жарық көрді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Жинаққа Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Алтынбек Қоразбаев және Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары енді. Аударманың авторы – жазушы Әкбар Мәжит. Қаламгер осыдан 2 жыл бұрын Абайдың өлеңдері мен Қара сөздерін де қытай тіліне аударған болатын. Оның айтуынша, ән сөзін аудару оңай болған жоқ. Өйткені сөзді мағынасымен ритмге келтіру керек.
Автор бұл аудармаға осыдан 40 жыл бұрын кіріскенін айтады. Ал Қытай жұрты қазақ әндерін бұрыннан сүйіп тыңдайды екен. Мәселен, "Қарлығаш" 1930 жылдардың өзінде қытай тіліне аударылған.
"Бұл 30 әнді мен Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстың 30 жылдығына арнадым. Сондықтан 30 ән талданды. Бірақ індетке байланысты уақытында шығарылмады. Сондықтан биыл шығып отыр. Бұдан кейін де екі ел халқының көңілі тоғысып жатса, осылай мәдениет алмасу жалғаса берсе деймін. Мәңгі іргелес елміз, екі елдің достығы, береке-бірлігі бітпесін", - деп атап өтті Әкбар Мәжитұлы.