Ауыл шаруашылығын субсидиялауға кемінде 425 млрд теңге бөлінеді

Sputnik
АСТАНА, 27 мамыр – Sputnik. Қазақстанның кәсіпкерлері макроөңір нарығына қосымша жалпы құны шамамен $300 млрд болатын өнімді жеткізе алады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлерімен кездесуде мәлімдеді.
Ол сонымен қатар премьер-министр Әлихан Смайылов қатысқан іс-шарада ішкі резервтер есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі өндірісті $46 млрд-қа ұлғайтуға болатынын атап өтті, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Отандық өндірісті дамыту мүмкіндігі жоғары негізгі бағыттардың қатарында мұнай-газ машиналарын жасау, құрылыс материалдарын, азық-түлік және тыңайтқыштар шығару, болат өнімдерін, алюминий және мыс салаларының тауарларын өндіру, темір рудасын, мақта талшығын, жүн, былғары өңдеу және басқалар бар", - деді ол.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев субсидиялау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған реформа жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу шеңберінде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидиялардың қолжетімділігін арттыру үшін кезек тәртібімен берілген өтінімдерді қанағаттандыруға кепілдік беретін "күту парақтары" іске қосылды.
"Жалпы, биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға кемінде 425 млрд теңге бөлінеді", - деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар барлық өңірлерде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйене отырып, АӨК-тегі инвестициялық жобаларды несиелендіру бағдарламасын іске асыру басталады.
Үкімет ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын бекітті
Биыл ол арқылы 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысын салуға 100 млрд теңге бағытталады. Несиелерді 2,5%-бен 10 жыл мерзімге, ең жоғары мөлшері 5 млрд теңгеге дейін беру жоспарланып отыр.
Отандық мал шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейту үшін қазақстандық кәсіпорындарды экспорттаушылардың шетелдік тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 3282 кәсіпорын өз өнімдерін шетелге жеткізуге құқылы.
"Өсімдік шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, соңғы екі жылда қазақстандық 901 кәсіпорын Қытайдың Бас кеден басқармасының реестріне енгізілген", - деп толықтырды министр.
Әлихан Смайылов үкімет орта бизнестің жаңа өндірістерді құру және кеңейту жөніндегі бастамаларын белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Мұндағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары қатарында өндірістегі отандық үлесті арттыру, жаңа технологияларды енгізу, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау, терең өңдеу технологиясына негізделген бәсекеге қабілетті өнім жасау, заманауи инфрақұрылымды дамыту бар.
"Ол үшін өндіріс циклінің барлық кезеңінде яғни, шикізат базасынан бастап дайын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға сатуға дейін қолдау көрсетіледі", — деді премьер-министр.
Үкімет басшысы биыл индустрияландыру желісі бойынша 1 трлн теңгеден астам сомаға 170 жобаны, АӨК-те жалпы құны 540 млрд теңге болатын 300 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты.
Министр Қарашөкеев әйелі қандай күріштен палау пісіретінін айтып берді