АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Қазақстанда 21 "Ана үйі" бар. Мұнда барар жер, басар тауы қалмаған жалғызбасты аналар тұрады. Sputnik Қазақстан тілшісі ана мен балаға пана болған мекеменің тіршілігімен танысып қайтты.
21 мекеменің үшеуі Алматы қаласында орналасқан. Соның бірінде қазіргі күні 9 ана мен бала тұрып жатыр.
"Біз денсаулық сақтау министрлігімен меморандумға қол қойғанбыз. Сол саладан "осындай ана баласынан бас тартып жатыр" деп хабарласады. Барамыз, сөйлесеміз. Баласынан бас тартпауға үгіттейміз. "Неге балаңнан бас тартасың?" деп сұрасақ, "әке-шешем білсе өлтіреді, құртады, баладан құтылуым керек" дейді. Біздің мақсатымыз тастанды бала санын азайту", - дейді Алматыдағы "Ана үйінің" аймақаралық маманы Манат Кисетова.
Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстаннан келіп, босанатын аналар көп.
"Мұнда неше түрлі қыздар түседі. Ешбір құжаты жоқ аналар келеді. Солардың құжаттарын реттейміз. Шетелден келіп босанып алып, еліне кете алмай қалатындар да көп. Солардың да құжаттарын жасаймыз", - дейді Манат Кисетова.
Алматыдағы "Ана үйі"
© Ертай Сарбасов
Мекеме мейірбикесінің айтуынша, алғаш келген аналардың материалдық, моральдық жағдайы өте нашар.
"Баласымен қайда барарын білмей, азып-тозып жүріп денсаулықтарын күтуге қайдан мұршасы болсын. Әбден тоңған, суықтап, сырқатын асқыныдырып алған аналар келеді. Баласының да жай-күйі нашар. Кейбірі ай-күні жақындаса да дәрігер есебіне тұрмай келеді. Солардың барлығының қажетті құжаттарын жасаймыз, емдейміз. Аман-есен босанады, перзентханадан шығарып аламыз", - дейді "Ана үйінің" мейірбикесі Гүлнар Сағынғалиева.
Алматыдағы "Ана үйі"
© Ертай Сарбасов
Мамандардың айтуынша, "Ана үйі" ашылған он жылда жалғызбасты аналар саны азайған жоқ.
"Соңғы бес жылда айтарлықтай өзгеріс жоқ. Керісінше жас қыздар саны көбейді. Бұрын мысалға 20-25 жастағы аналар көп болса, қазіргі күні бірінші рет ана болған 16-17 жастағы және 32-35 жастағы аналар көп. Жасы ұлғайып, балалы болса да әке-шешесінен қорқып, осында келетін аналар бар", - дейді "Ана үйінің" маманы.
Бұл мекемеге келетіндердің басым көпшілігі ауылдан шыққан қыздар.
"Мұнда келген қыздардың бәрі ауылдың қыздары. Қалаға келеді, еркіндікті сезінеді, "қой" дейтін әке-шеше жоқ, сосын осындай жағдайға душар болады. Жігіттерге алданып қалатындар көп. Әу баста бәрі баламыздан бас тартамыз деп келіп, кейіннен ол райынан қайтады", - дейді Манат Әкімқызы.
Алматыдағы "Ана үйі"
© Ертай Сарбасов
Соңғы алты бес жылда екі ана баласынан бас тартыпты.
"Перзентханаға барып, екі ананы баласынан бас тартпауға көндіре алмадым. Бірі – зорлықшылардың құрбаны болған қыз. Қанша сөйлессем де, сондай жылап, айтқанымызға көнбеді. "Балаға қараған сайын мені зорлаған жауыздар көзалдыма келеді. Өмірбойы ол азаппен жүре алмаймын" деп баласынан бас тартты. Ал екіншісі жасы 45-тегі әйел. Бұрынғы күйеуінен үлкен балалары бар. Сол адамды баласынан бас тартпауға көндіре алмадым", - дейді маман.
Баласын әке-шешесіне көрсетуге қорқып, айлап жүретін қыздар бар. Қай-қайсысы болсын, психологиялық көмекті көп қажет етеді.
"Материалдық көмек өз алдына, ал рухани көмек өте керек. "Әке-шешеңе көрсет балаңды" деп ұзақ үгіттейміз. Әзер дегенде баласының фотосын әке-шешелеріне жібереді. 2-3 күн үнсіздіктен кейін ата-аналары байланысқа шығып, жиендерінің фотосын сұрап, қамқорлық танытып, кейіннен той жасап тұрып алып кететіндер бар", - дейді Манат Әкімқызы.
Үйленемін деп алдап кеткен жігіттеріне емес, басқа жанға жар болып ұзатылатын да жалғызбасты аналар бар.
"Бес жылда бес қызымды ұзаттым. Құшағында бөпесіне қарамай, жігіттер жар етіп алып кетеді. Кәдесін жасап, дүркіретіп тойын жасап, үйленеді. Қаншама қызымыз өмірден орнын тауып, қазіргі күні бірнеше балалы болды. Шетелдерде бизнесін ашып жатқандар да бар. Әлі күнге хабарласып тұрады. Бәрі "баламызды тастап, қателік жасатпағандарыңыз үшін алғыс" деп айтады. Одан артық бақыт бар ма?" - дейді "Ана үйінің" мамандары.
Алматыдағы "Ана үйі"
© Ертай Сарбасов
"Ана үйінде" бұдан бұрын аналар бір жарым жылдап тұратын. Қазіргі күні 6 ай ғана тұра алады. Жарты жылда құжаттары жасалып, жұмыс тауып үлгеретін көрінеді.
"Бір жарым жыл тұрған кезде көпшілік аналар дайын тамақ, дайын киім, дайын үй, тіпті жатыпішерлік таныта бастады. Сол себепті мұндағы тұру мерзімі жарты жылға қысқартылды. Қазіргі күні 6 айда аналарды бірнеше мамандық бойынша курстарға оқытып, мамандық алдырып шығарамыз", - дейді Манат Кисетова.
Қазіргі күні Қазақстан бойынша 200-ден астам жалғызбасты ана "Ана үйінде" тұрып жатыр. Жалпы он жылда барлығы 6300 ана осы мекеннен пана тапқан, нәтижесінде 6300 бала тастанды атанбай, анасының құшағында қалды.