Энергетика, көлік, технология мен сауда: ЕАЭО елдерінің президенттері нені талқылайды

Sputnik
АСТАНА, 25 мамыр – Sputnik. Бүгін Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жыл сайынғы отырысы аясында ЕАЭО елдерінің президенттері бас қосады.
Кездесуге Ресей президенті Владимир Путин төрағалық етеді.
Кремль баспасөз қызметі хабарлағандай, күн тәртібінде ұйымға мүше мемлекеттердің энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ қаржылық және технологиялық тәуелсіздігі мәселелері бар.
Талқыланатын басқа мәселелер ішінде цифрлық трансформацияны жеделдету, реттеуші және сауда кедергілерін жою, көлік инфрақұрылымын дамыту және тағы басқалары бар. Мемлекет басшылары Одақтың халықаралық қызметі және үшінші елдермен және өңірлік бірлестіктермен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
Беларусь, Қазақстан және Қырғызстан президенттері бір күн бұрын Мәскеуге келіп, ІІ Еуразиялық экономикалық форумға қатысты.
Армения премьер-министрі ЕАЭО шараларына қатысу үшін Мәскеуге бүгін келді.