Жасырынбақ ойнаған: Текеліде тоқ соққан қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 24 мамыр – Sputnik. Жетісу облысы Текелі қаласында жеткіншек токқа түсіп қалды. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісіне қыздың анасы айтып берді.
Оқиға 22 мамырда сағат 18:30 шамасында болған.
"Аулаға төрт баламен шықтым. 9 жастағы қызым ойнап келейінші деп сұранды. Мен рұқсат бердім. Балалар жасырынбақ ойнаған. Үш бала жасырынбақ болып, ауладағы трансформаторлар орналасқан ғимаратқа кіреді. Үшінші бала қараңғы болғандықтан кері шегінген. Ал қызым бірінші болып кірген. Үшеуі қараңғыдан қорқып, қайта кері шығады. Соңында келе жатқан қызым шығып келе жатып, тоқ соққанда құлаған. Жердің бәрі балшық болған", - дейді анасы Гүлнар Бекенқызы.
Анасының айтуынша, қыз айқайлап көмекке шақырған, бірақ ешкім келмеген.

"Өйткені токқа түсіп қаламыз деп қорыққан. Бір оқушы бала көтеріп алып шығыпты. Мен жүгіріп барсам шөптің үстіне жатқызып қойыпты. Қызым көгеріп кеткен. "Анашым" деген бірауыз сөзді айтты. Аяғының басы тіпті қарайып кеткен. Тоқ иығынан соғып, аяғының басынан шыққан. Иығынан бастап қолының ұшына дейін, бел омыртқасынан аяғының ұшына дейін жарақат алған", - дейді Гүлнар Бекенқызы.

Жеткіншек Текелі қалалық ауруханасында ем алып жатыр. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Жағдайы бірқалыпты дейді дәрігерлер. Ал трансформаторға жауапты Текелі электр жүйелерінің мамандары шағын станцияның есігі жабық тұратын дейді.
"Трансформаторлық шағын станция есігінде құлып тұрған. Біздің қызметкерлер әр айдың соңында трансформаторларды тексереді. Одан калса жедел шұғыл бригадамыз бар, олар да айына бірнеше рет тексеріп тұрады. Мамандар тексеру жүргізген кезде қосалқы станциялардың есігінде құлыптар болған", - дейді "ТАТЭК" АҚ басшысы Айдос Туғанбаев.
Электр жүйелері мамандарының айтуынша, қосалқы станцияда ұрлық жасап пайда көргісі келетіндер құлыпты бұзып кетеді.
"Негізі құлыптарды бұзып, сындырып кететін жағдайлар болып тұрады. Ал оқиға болған аумақ тұрғындарынан подстанция есігінің ашық жатқаны туралы бірде-бір рет хабарлама түскен емес", - дейді Айдос Туғандағы.
Анасының айтуынша, жеткіншектің бүйрегіне зақым келген. Тоқтың салдары одан да ауыр бола ма деген қауіп те жоқ емес.
Оқиға
Шымкенттікті телефонның "зарядкасынан" тоқ соқты: жігіт тіл тартпай кетті