Тоқаев жаңа жаһандық логистиканы дамытудың маңыздылығына тоқталды

Sputnik
АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Өткен жылдың оқиғалары "Солтүстік - Оңтүстік" көлік дәлізін дамыту жаңа жаһандық логистиканың негізгі элементі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумында.
Президенттің сөзінше, бұл бағыт оңтүстіктен солтүстікке қарай Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бірқатар бағыттарымен қиылысатыны маңызды. Бұл "Солтүстік - Оңтүстік" бағдарына көптеген транзит ағынын тартуға негіз болады.

"Бұл өнеркәсіп, көлік және экономиканың өсуіне ғана серпін бермейді. Аталған бағыттар бүкіл Еуразия аумағы ішіндегі кооперация мен ынтамақтастықтың деңгейін түбірімен өзгертеді", - деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде цифрландыруға, кедендік әкімшілендіруді жеңілдетуге және әкімшілік жүктемені азайтуға ерекше көңіл бөлу маңызды екеніне де тоқталды.
"Қазір біз Еуразияның бұрын болмаған жаңа көліктік негізін қалыптастырып жатырмыз десем, артық айтқандық емес. Бұл мәселеге жан-жақты және бірігіп қарасақ, айтарлықтай экономикалық және саяси дивиденд ала аламыз", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Иран, Египет, Израиль, Сербия және басқа серіктестермен белсенді өзара байланыс Одақтың сауда-экономикалық тартымдылығының маңызды көрсеткіші.