АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Қазақстанда екінші деңгейлі банктерге қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат етілуі мүмкін, бұл туралы үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.
"Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктеріне Қазақстан Республикасынан қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат етілсін", - делінген премьер-министр Әлихан Смайыловтың қаулы жобасында.
Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
Жоба осы жылдың 5 маусымына дейін талқыланады.
Биылғы жылдың басында екінші деңгейлі банктерге Қазақстаннан қолма-қол Ресей рублін бір реттік әкетуге рұқсат берілген болатын. Рұқсат 2022 жылдың 28 желтоқсанындағы "Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" қаулы негізінде енгізілді.
Еске сала кетейік, өткен жылы рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы күрт нығайды (бағам рубльге шаққанда 9 теңгеге жетті), ел ішінде оған сұраныс артқандықтан, үкімет Қазақстаннан Ресей валютасын әкетуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылдаған болатын.