АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумда ЕАЭО-тың концептуалдық және идеологиялық негізіне тоқталды.
"Тағы бір нәзік мәселе бар. Концептуалдық шындық немесе ерекшелік дейміз бе, бірақ оны ескеру маңызды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Ресей мен Беларусь сияқты одақтас елдердің бар болуы. Бұл одақтың концептуалдық және идеологиялық негізі айтарлықтай маңызды. Бұл - екі халықтың тарихтарын ортақ деп тану, мәдени, тілдік, діни ұқсастықты мойындау, яғни бір халық, бір мемлекет деген ұғымға келуі", - деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, "Екі ел - бір мемлекет" формуласын ұстанатын одақтың саяси, әскери, экономикалық, валюталық, гуманитарлық, мәдени кеңістігі, одақтық үкіметі, одақтық парламенті бір.
"Кешірім сұраймын, тіпті - екеуіне ядролық қару да ортақ. Алайда ЕАЭО аумағында Қазақстан, Қырғызстан, Армения ұсынатын интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Бұл концептуалдық мәселе. Сол шындықпен санасу керек. Меніңше, осы экономикалық форумда бұл мәселені талқылауға тиіспіз", - деді Тоқаев.