АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Парламент мәжілісіне "Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы"заң жобасы және оған ілеспе заң жобалары келіп түсті. Депутаттар алдағы уақытта құжатты комитет отырыстарында талқылайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін жұмысқа қабылданған бес заң жобасын депутаттар әзірлеген. Заң жобалары президенттің заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды.
Негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажетті заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған.
"Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – заңсыз сатып алынған және шығарылған активтердің сақталуын, басқарылуын, өткізілуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдаумен, қамтамасыз ету шараларын қолданумен, шығу тегін растаумен, іздестірумен (ашумен) байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу", - деді депутат, заңнама және сот-құқықтық комитетінің хатшысы Магеррам Магерамов.
"Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасы және ілеспе заң жобалары қолданысқа енгізілгеннен кейін, Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады. Ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайды.
Бұдан бөлек, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылады.
"Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және осы процесте ашықтық пен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдар жұмысының нақты және ашық тетігі құрылады", - деді мәжілісмен.
Сондай-ақ "Прокуратура туралы"Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзутулер көзделіп отыр.
Магерамовтың айтуынша, заң жобаларын қабылдаудың мынадай оң әлеуметтік-экономикалық әсері бар: қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою.