ЕАЭО елдері одақ аясында академиялық алмасу бағдарламаларын құра алады

Түрлі университеттер мен елдердің студенттері мен оқытушылары өз тәжірибелерімен бөлісе алады
Sputnik
АСТАНА, 24 мамыр – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ елдері одақ аясында еуропалық білім беру бағдарламаларына ұқсас академиялық алмасу бағдарламаларын құра алады.
Бұл туралы Мәскеуде өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форум барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі алқа мүшесі Артак Камалян айтты.
Камалянның айтуынша, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамыту және технологиялық егемендіктің алғышарттарын құру бағдарламаның мақсаты болмақ.
"Ғылым, білім, әзірлеме, ғылыми-зерттеу тәжірибесі бойынша елдер арасында ынтымақтастық жоқ. Бұл біздің елдер арасындағы келісіммен ешқандай реттелмеген, онсыз технологиялық егемендікке қол жеткізу мүмкін емес", - деді ол.
Камалян АҚШ-тың Fulbright академиялық алмасу бағдарламасын, сондай-ақ еуропалық Erasmus Mundus бағдарламасын мысалға келтірді.
"Неге біз ЕАЭО-да осындай бағдарламалар жасамаймыз? Бұл технологиялық егемендіктің негізіне айналуы мүмкін", - деді ол.
Камалян ЕЭК келісімінде мұндай өкілеттіктер жоқ екенін түсіндірді.
"Біз бұл өкілеттіктерді келісімшартқа енгізіп, технология, ғылым және білім саласында ынтымақтастық орнатуымыз керек. Онсыз технологиялық егемендік болмайды", - деді Камалян.
ЕАЭО елдерінде бензин арзандады