Сочидегі ТМД және ЕАЭО форумы: жастар сұрақтарын тікелей премьер-министрлерге қоя алады

Sputnik
АСТАНА, 23 мамыр - Sputnik. Сочиде 7-9 маусым аралығында өтетін жастар форумының өкілдері өздерінің үздік кәсіпкерлік бастамаларын ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларына тікелей ұсына алады.
Форумның негізгі мақсаты - жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін нақты шешімдер қабылдау, сондай-ақ ЕАЭО-ны ары қарай дамыту үшін ұсыныстар әзірлеу. Сондықтан қазірдің өзінде Одақтың барлық елдерінен 100-ден астам кәсіпкерлік бастамалар жиналды.
"Форумның екі-үш күнінде нақты шешім шығарып тастау әсте мүмкін емес. Жастардың идеяларын билік органдарының, коммерциялық құрылымдардың, кәсіпкерлік сектордың сарапшылары мен өкілдерінің назарына ұсына отырып, дәл сол жерде идея кәдеге жарай ма, жоқ па соны білуге болады", - деді жастар ісі жөніндегі федералды агенттік басшысының орынбасары Денис Аширов.
Оның айтуынша, идеялар әр түрлі - агробизнестен бастап ғылыми саладағы әзірлемелерге дейін ұсынылған, бұл жастардың кәсіпкерлікке деген кең әлеуетін көрсетеді. Форумның міндеттерінің бірі - жастардың кәсіпкерлікпен айналысуда кедергі болатын мәселелерді шешу.
"Жастар үкімет басшыларымен тікелей сөйлесе алады, онда олар өздерінің жоспарларын жеткізіп, оларды іске асыру үшін қолдау ала алады", - дейді ЕЭК жастар кеңесінің төрағасы Данияр Тұрысбеков.
Жастардың ойынша, форумда делдалдарсыз байланыс орнайды. Оның үстіне биыл оның мәртебесі көтерілді. Өйткені, былтыр жастар үкіметтердің вице-премьерлерімен кездескен болатын. Биыл премьер-министрлермен кездесіп, сұрақтарын тікелей қоя алады.