АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. Қазақстанда бірқатар шет мемлекеттің тәжірибесі бойынша болашақ жас жұбайларға кешенді медициналық тексерістен өтуді көздейтін отбасылық жұптардың денсаулық паспортын енгізу ұсынылады, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
"Әрбір әйел – әрбір бала" ана мен бала денсаулығын сақтау тұжырымдамасының жобасында "Отбасылық жұптардың денсаулық паспорты" жобасын әзірлеу және іске асыру көзделген. Ол некеге тұрғанға дейін қыздар мен жігіттерді ерікті профилактикалық тексеруді көздейді.
"Бұл жобаны іске асырудың мақсаты – ана өлімінің дамуына әсер ететін кейбір ауруларды анықтау, жастардың репродуктивтік және соматикалық денсаулығын сақтау және нығайту, жыныстық жолмен берілетін генетикалық, соматикалық және инфекциялық ауруларды уақтылы ерте анықтау және жүктілікті жоспарлаудан бұрын емдеуді бастау", - деп мәлімдеді министрлік.
Ведомство ақпаратынша, елімізде сәби өлімі жағдайларының 58,7%-і – дене салмағы 2500 грамнан аз шала туған нәрестелер; ана өлімінің барлық жағдайының 46%-і әйелдің әртүрлі созылмалы ауруларына байланысты.
Сонымен қатар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралу проблемасы бар, олар адамның денсаулығына, болашақ ұрпақтың денсаулығына әсер етеді. Қазақстанда АИТВ-инфекциясының барлық жаңа жағдайының 74,7%-і жыныстық жолмен берілуіне байланысты , ал үш негізгі ЖЖБИ – мерез, гонорея және трихомониаздың таралуы ресми статистикаға қарағанда 3-3,5 есе жоғары.
"Халықаралық тәжірибені талдау әлемнің көптеген елінде некеге дейінгі медициналық қаралу енгізілгенін көрсетті. Ұсыныстардың нақты тізімі әр елдің экономикалық, мәдени, діни және медициналық жағдайларына байланысты өзгереді", - делінген хабарламада.
Некеге дейін дәрігерлерге қаралудың мақсатына айналған медициналық сипаттағы үш алғышарт бар:
некеге дейінгі медициналық тексеріс денсаулық сақтау жүйесіне қатты әсер ететін кейбір ауруларды анықтаған кезде қоғамдық денсаулыққа әсері;
некеге дейінгі медициналық тексеріс болашақ ерлі-зайыптының денсаулығының нашарлауына және ауру ұрпақтардың тууына жол бермейді;
некеге дейінгі тексеріске арналған ауруларды таңдау ықтимал аурудың алдын алу немесе емдеу мүмкіндігіне байланысты болды. Мұндай аурулардың арасында мыналар жиі кездеседі: талассемия, орақ тәрізді жасушалы анемия, АИТВ, В және С гепатиттері, қызамық, мерез, және басқа жыныстық жолмен берілетін аурулар.
Мысалы, Жерорта теңізінің кейбір елдерінде немесе Араб шығысында талассемия мен орақ тәрізді жасушалы анемияға некеге дейінгі міндетті тексеріс жиі кездеседі, бұл жақын туыстар арасындағы некенің көп таралуына байланысты.
Бұл елдер қандай да бір ауру немесе аурудың даму қаупі болған жағдайда жастарға некелесуге тыйым салмайды, тек медицина қызметкерлеріне дер кезінде қаралып, уақтылы консультация алуға міндеттейді.