АСТАНА, 23 мамыр – Sputnik. ІІМ үш мыңнан астам полиция қызметкері мен 200-ден астам ауыл шаруашылығы және ветеринариялық бақылау басқармаларының мамандарын тарта отырып, "Мал ұрлығы" жедел алдын алу шарасын өткізді, деп хабарлады Polisia.kz.
Операцияның төрт күнінде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 11 695 автокөлік, 4 226 мал және ет өнімдерін сатып алу, өткізу орындары, сондай-ақ 8 708 шаруа қожалықтары мен мал жайылымдары тексерілді. Бұл ретте 22 мал ұрлығы және бұрын жасалған 115 қылмыс ашылды. Осы қылмысты жасағаны үшін 136 адам ұсталды, оның ішінде 19 ұйымдасқан топ бар. 589 мал басы табылып, заңды иелеріне қайтарылды.
"Мәселен, Алматы облысы ПД қызметкерлері төрт адамнан тұратын мал ұрлаушылар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты, олар жайылымнан бірнеше рет мал ұрлаған. Өткен жылғы қыркүйектен бастап олар 30-дан астам жылқы ұрлаған. Барлық жағдайда қылмыскерлер ұрланған малды алдын ала жалданған ауыр жүк көліктерімен алып кеткен", – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Айдос Рысбаев.
Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында екі рет мал ұрлығын жасаған күдікті ұсталды. Ұрланған 22 жылқы Алматы облысы Ұзынағаш ауданының аумағында ұсталып, тәркіленді.