Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Батыс Украинаға F-16 әскери ұшақтарын жөнелтеді

Sputnik
Киев режиміне F-16 жойғыш ұшақтарын жеткізу Укаринадағы әскери іс-қимылдар театрында АҚШ пен НАТО-ның тығырыққа тірелгенін аңғартады, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Вашингтон ұшақтары Украинадағы арнайы әскери операцияда жаңа құрбандар болуына, Еуропада экономикалық және геосаяси дағдарыс үдеуіне, АҚШ-тың Ресеймен тікелей әскери қақтығысының ықтималдылығы артуына себеп болады.
19 мамырда АҚШ әкімшілігі еуропалық одақтастарына америкалық өндірістің төртінші буындағы F-16 жойғыш ұшақтарын Украина Қарулы күштеріне беруге рұқсат беріп, "украиналық ұшқыштарды даярлау бойынша бірлескен жұмыстарды қолдауға" уәде берді.
Бірлескен жұмыстар Ұлыбритания, Нидерланды, Бельгия, Данияны қамтиды. АҚШ пен оның серіктестері Еуропада F-16 ұшағының басқару бойынша Украина Қарулы күштерінің ұшқыштарын қайта даярлау бағдарламасын іске қосып жатыр. Сонымен қатар инженерлер мен жөндеу бригадаларын оқыту да басталады.
"Бірқатар Еуропа елінің қысымына қарамастан Ақ үй мен Пентагон 2022 жылдың шілдесінен бастап Киевке F-16 ұшағын жеткізуден бас тартты. Өйткені бұл орынсыз және қауіпті деп санады: F-16 ұшу даярлықтары үш жылдан алты жылға дейін созылады, ұшақпен қамтамасыз ету 11 миллиард долларды құрауы мүмкін. Ескі F-16 ұшақтары небәрі 2 миллиард долларға жеткізіліп, 24 ай ішінде Украинада орналастырылуға болар еді. Бірақ Ресей мен НАТО арасында тікелей әскери қақтығыс туындау қаупі жоғары", - деп жазды Хроленко.
Дегенмен Украина Қарулы күштерінің ұшқыштары америкалық техниканы қажеттілігін алға тартты, ал Украина президенті Владимир Зеленский ядролық эскалация қаупіне қатысты күдікті сейілтуге тырысты. Ол жойғыш ұшақтарды "Ресей аумағында ұшу үшін" қолданбауға уәде берді.
Төртінші буындағы F-16 жойғыш ұшақтарының Украинада пайда болуы әскери қақтығыстың қарқынын арттырады, бірақ АҚШ әскери-әуе күштерінің министрі Фрэнк Кендаллдың айтуынша, іс-қимылдар барысын өзгертпейді. Арнайы әскери операция аймағында Ресейдің шабуылдау авиациясы мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің күші – атыс күші, сандық және сапалық, тактикалық және технологиялық жағынан басым. Сондықтан АҚШ пен НАТО-ның Украинадағы әскери іс-қимылдар театрындағы әлееуетті Ресейден тартып алу әрекеті сәтсіз аяқталатыны анық, дейді әскери сарапшы.
Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің мәліметінше, арнайы операция кезінде Украина Қарулы күштерінің 428 жауынгерлік ұшағы мен 235 тікұшағы, яғни 2022 жылдың 24 ақпанында Украина әскери-әуе күштерінің бірнеше бөлімшесі жойылды. Пентагонның мәліметінше, Украина Қарулы күштері бар болғаны 60 ұшақ жоғалтқан, бірақ Украина әскери-әуе күштерінің қиратылғанын ешкім жоққа шығармайды.
"Украинаның жердегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің сарқылуы, Батыстың оларды жаңғырту мүмкіндігінің шектелуі және Ресей авиациясының әскери іс-қимылдар театрындағы ықпалының күшеюі Вашингтонды қауіпті шешімге итермеледі. Киевті F-16 жойғыш ұшақтарымен қамтамасыз ету шарасыздық әрекеті сияқты көрінеді. Дегенмен ресейлік "Сухой" ұшақтары америкалық жойғыш ұшақтарға дес бермей, әуедегі үстемдігін сақтап қалатыны белгілі", - деп жазды Хроленко.
Military Watch басылымы Су-30СМ, Су-35, МиГ-31 және Су-57 әскери ұшақтарына қарсы қақтығыс кезінде F-16 ұшақтарының "мүмкіндіктері шектеулі екенін" болжады. Шынында да жауынгерлік сипаттамалары бойынша америкалық ардагер F-16 ұшағы ресейлік техникадан айтарлықтай төмен.
Бұған дейін украиналық МиГ-29, Су-27 және Су-24 платформаларында біріктірілген америкалық JDAM басқарылатын бомбалары, AGM-88 HARM радарға қарсы зымырандары және 180 қашықтығы километрге дейінгі AIM-120 AMRAAM зымырандары 400 километрге дейін жететін ресейлік гипердыбыстық Р-37M зымыранымен салыстыруға келмейді.
Британиялық 250 километрге дейінгі Storm Shadow қанатты зымырандардың күші де сенімді емес – ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері күніне жеті мұндай зымыранды атып түсіреді. С-400 "Триумф" әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері 600 километрге дейінгі қашықтықтағы нысаналарды анықтауға және оларды 250 километр қашықтықта, 10 метрден 27 километр биіктікте қағып түсіруге қабілетті. Сондықтан технологиялық тұрғыдан ескірген F-16 платформасы Украинаның әскери іс-қимылдар театрындағы күштердің тепе-теңдігін өзгертпейді.
"F-16 ұшақтарын Украина Қарулы күштерінің әуе базаларында орналастыру да жекелеген проблемаға айналды. Польша мен Румынияға іргелес аумақтардан F-16 ұшақтарының ұшу-қонуын ұйымдастыру екіталай болып табылады. Оның үстіне, F-16 жойғыш ұшағы НАТО-ның Еуропадағы арсеналында сақталған америкалық В-61 термоядролық бомбаларының тұрақты тасымалдаушысы болып саналады. Сондықтан тактикалық ядролық қаруды Киев режиміне өзін-өзі қорғау үшін берудің салдары ауқымды болуы ықтимал", - деп жазды сарапшы Александр Хроленко.
Politico басылымы ешбір ел өз ұшағын Украинаның пайдасына құрбан етуге әлі дайын емес деп хабарлады. Алайда АҚШ Грекияны 1970 жылдардың ортасында шығарылған Block-30 модификациясындағы 32 дана F-16 жойғыш ұшағын Украина Қарулы күштеріне беруге көндірді.
Бельгия, Дания, Нидерланды Киевке жиырма-отыз дана F-16 ұшағын өз еркімен жіберсе, Украина Қарулы күштерінің жойғыш ұшақтар авиациясы күзге қарай 100 ұшаққа дейін жетуі мүмкін. Украиналық ұшқыштардың мұндай техниканы басқаруда тәжірибесі жеткіліксіз. Бірақ НАТО мамандары келісімшарт негізінде F-16 тізгініне отыра алады. Украина заңнамасы шетелдіктерді әскери қызметке алуға рұқсат береді.
Қалай болғанда да американдық әскери ұшақтардың көкжиекте пайда болуы ресейлік арнайы әскери операцияның мақсаттары мен міндеттеріне әсер етпейді. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко Украинаға F-16 ұшағын жолдайтын батыс елдері "үлкен тәуекелге" барып отырғаны туралы ескертті.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.